Ел спортшылары Сочи Олимпиадасының он төртінші жарыс күнінде спорттың екі түрінен сынға түседі.
Бұл күні спортшылар биатлон, тау шаңғысы, фристайл, керлинг және шорт-трек сынды спорт түрлерінен жеті медаль комплектісін сарапқа салады.
Биатлонда 6 шақырымға әйелдер арасында командалық эстафета басталады. Қазақстан құрамасынан Галина Вишневская бастаған, Елена Хрусталева, Дарья Усанова, Марина Лебедева қостаған қыз-келіншектер шығады. Жарыстың басталуы Астана уақытымен сағат 20:30-ға жоспарланған. KazSport арнасы тікелей эфирде таратады.
Шорт-тректен 5000 метрге командалық эстафетада ерлер бақ сынайды. Қазақстан құрамасы Ресей, АҚШ, Қытай, Нидерланды құрамаларымен таласқа түседі. Сайыс жолына Денис Никиша, Нұрберген Жұмағазиев, Аслан Даумов, Абзал Әжғалиев, Айдар Бекжанов шығады. Тікелей эфирде "Хабар" арнасынан Астана уақытымен сағат 23:55-те тамашалай аласыздар.
Естеріңізге сала өтсек, дәл қазіргі таңда Қазақстан қоржынында бір қола медаль бар. Мәнерлеп сырғанаудан ел спортшысы Денис Тен қола жүлде иегері атанған болатын.
Ертеректе ол қысқа бағдарлама ұпайымен қоса есептегенде барлығы 255.10 ұпай жинап, қола медальды иеленген еді. Командалық есепте Қазақстан 25 орында тұр. Олимпиада ойындарында Норвегия құрамасы көш бастап келеді.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: sport.mail.ru