Олимпиаданың алты күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан қоржынына әлі медаль түсе қойған жоқ. Командалық есепте Германия, Норвегия, Канада құрамалары көш бастап тұр.
Сочи Олимпиадасының жетінші жарыс күнінде биатлон, тау шаңғысы, тау шаңғы спорты, мәнерлеп сырғанау, акробатика спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
Шаңғы спортында 15 шақырымға классикалық стильде отандық спортшымыз Алексей Полторанин шығады. Бір атап өтерлігі, аталған спортшының осы қашықтықта жақсы өнер көрсетіп келуі. Николай Чеботько, Ердос Ахмадиев пен Евгений Величко да сынға түседі. Басталуы: Астана уақытымен сағат 16:00-де. Тікелей эфирде KazSport пен "Хабар" телеарналарынан тамашалай аласыздар.
Тау шаңғысы спортында ерлер арасында суперкомбинация сайысында медальдар сарапқа салынады. Ел атынан Мартин Хубер пен Игорь Закурдаев қатысады. Басталуы; Астана уақытымен сағат 12:00-де, KazSport арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.
Биатлонда әйелдер арасында 15 шақырымға жекелей сын басталады. Отандық спортшыларымыз Елена Хрусталева осыдан төрт жыл бұрын Ванкувер Олимпиадасында осы қашықтықта күміс медальды иеленген болатын. Галина Вишневская, Дарья Усанова мен Алина Райкова да жарыс жолына шығады. Жарыстың басталуы Астана уақытымен сағат 20:00-де, тікелей эфирде KazSport арнасы көрсетеді.
Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы еркін бағдарламада жеңімпаздар анықталады. Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынща жапон Юдзуру Ханю көш бастап келеді, екінші орында - канадалық Патрик Чан. Ал испан спортшысы Хавьер Фернандес үздік үштікті қорытындылап тұр. Ел спортшысы Денис Тен тоғызынша орында, Абзал Рақымғалиев - 20-орын. Ерікті бағдарлама Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады, тікелей эфирде KazSport пен "Хабар" телеарналары ұсынады.
Шаңғы акробатикасында алғашқы жарыс жолы. Іріктеу кезеңінде ел атынан Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова сынға түседі. Басталуы: Астана уақытымен сағат 19:45-те. KazSport арнасы 15 ақпан күні, 09:40-та мұрағаттан көрсетеді.
Трамплиннен секіруде іріктеу кезеңі өтеді. Онда Марат Жапаров пен Алексей Пчелинцев бақ сынайды екен. Басталуы: сағат 23:30-да.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: eurosport.ru