- Негізгі бет
- Сочи-2014
- Сочи-2014: отандық спортшыларымыз...
Сочи-2014: отандық спортшыларымыз жарыстың он бірінші күнінде
Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарының он бірінші күнінде спорттық сайыстың екі түрінен ел атынан төрт спортшы сынға түседі.
Шорт-тректе ерлер арасында 500 метр қашықтыққа жарыс жолы басталады. Іріктеу кезеңінде ел өрендері Айдар Бекжанов пен Нұрберген Жұмағазиев өнер көрсетеді.
Сонымен бірге, әйелдер арасында 500 метр қашықтыққа Қазақстан атынан Инна Симонова шығады.
Отандық спортшыларымыз ертеректе жарыс жолына өзге қашықтықта қатысып, жүлделі орындарды иемдене алмаған болатын. Есесіне, ерлер құрамы финалға шығып отыр (21 ақпанда өтеді).
Шорт-тректен тікелей көрсетілімді Астана уақытымен сағат 15:30-да KazSport телеарнасынан көре аласыздар.
Сондай-ақ бүгін, конькимен жүгіруде 10 000 метр қашықтыққа Дмитрий Бабенко шығады. Ел спортшысы осымен Сочидегі үшінші жарыс жолына шыққалы отыр. Естеріңізге салсақ, Дмитрий 5000 метр қашықтықта 15-орынды иемденсе, 1500 метр қашықтықта 30-орынды місе тұтқан болатын. Жарыс жолының басталуы Астана уақытымен сағат 19:00-ге жоспарланған. Тізімде 14 спортшының аты аталады, біздің Бабенко неміс елінің өкілі Патрик Беккертпен жұптасып шықпақ.
Дәл қазіргі таңда Қазақстан қоржынында бір қола медаль бар. Мәнерлеп сырғанаудан ел спортшысы Денис Тен қола жүлде иегері атанған болатын.
Естеріңізге сала өтсек, ертеректе ол қысқа бағдарлама ұпайымен қоса есептегенде барлығы 255.10 ұпай жинап, қола медальды иеленген еді. Ал ел намысын қорғаған тағы бір спортшымыз Абзал Рақымғалиев қорытынды есепте 174.40 ұпаймен 22-ші орынды қанағат тұтқан-ды.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: alau.in
Л. Лига