Жаңа ғана Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарындағы биатлоннан 10 шақырымдық спринт сайысы аяқталды. Норвегия құрамасы қоржынына кезекті алтын медаль түсті.
Олимпиаданың алғашқы күніндегі төртінші медальдар жиынтығын сарапқа салған биатлоншылардың сайысында норвег Уле-Айнар Бьорндален топ жарды. Ол барлығы 10 шақырымдық жолды 24:33.5 минутта бағындырды. Бұл спортшының мансабындағы жетінші олимпиадалық жүлдесі болып отыр. Күміс жүлде австриялық спортшы Доминик Ландертингерге бұйырса, қоланы чех спортшысы Ярослав Соукуп иеленді.
Ел намысын қорғаған спортшыларымыздың қатарынан бірінші болып жарыс жолына Ян Савитский шықты. 10 шақырымдық қашықтықты 26,13 минутта бағындырып, 43-ші орынға табан тіреді. Екінші болып жарыс жолына шыққан Антон Пантов 28,05 минут көрсеткішін көрсетсе, Сергей Наумик 26:55 минут уақытымен 57-ші орынды еншіледі. Ал 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасында еліміздің Туын желбіретіп шыққан Диас Кенешов 30:06 нәтижесімен соңғы орыннан көрінді.
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: rbc.ru