Шаңғы қоссайысынан әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Эрик Френцель Олимпиада ойындарының чемпионы атанды.
Френцель трамплиннен секіруде сәтті өнер көрсетіп, шаңғы жарысында жарыс жолына бірінші шығып, мәре сызығына жақындағанда жапон спортшысы Акито Васабені басып озды. Қола медаль Норвегия елінің өкілі Магнус Крогке бұйырды. Айта отырсақ, отандық спортшыларымыз бұл спорт түрінен қатыспады.
Ванкувер чемпионы Джейсон Лами-Шапюи тек 35-орыннан көрінді.
Естеріңізге сала отырсақ, бүгін Қазақстан атынан бір ғана спортшы сынға түспек. Ерлер арасында 1000 метр қашықтыққа конькиші Денис Кузин шығады. Атап өтерлігі, Қостанай өңірінің 25 жастағы тумасынан көпшілік мамандар медаль күтуде. "Р-Спорт" агенттігі "тосын сыйдың иесі" деп атаған отандық спортшымыз, естеріңізде болса, 2013 жылы Сочиде өткен әлемдік додада осы қашықтықта топ жарған болатын. Сол себепті де, біздің спортшы үшін бұл қашықтық жүлделі орынға таласуда басты артықшылық саналады екен.
Бұл спорт түрінен тағы екі бірдей отандық спортшыларымыз қатысады: Роман Креч пен Федор Мезенцев. Креч Олимпиада ойындарында екінші рет бақ сынамақ. 10 ақпан күні 500 метр қашықтыққа жарыс жолына шығып, жетінші орын алып қалған еді.
Конькимен 1000 метрге жүгіруден жарыс жолы Астана уақытымен сағат 20:00-ге жоспарланған. Тікелей көрсетілімді KazSport пен "Хабар" телеарналарынан көре аласыздар.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: vesti.kz