- Негізгі бет
- Сочи-2014
- Сочи-2014: қысқы ойындарда...
Сочи-2014: қысқы ойындарда жүлде алған ерлі-зайыптылар
Сочидегі 22-ші Қысқы Олимпиада ойындарында Вик Уайлд пен Алена Заварзина жұбы отбасылық топтамаларына бір алтын, бір күміс қосу арқылы, Ақ Олимпиаданың тарихына жаңа беттер қалдырды...
Мэдж бен Эдгар Стайерс, мәнерлеп сырғанау
Ерлі-зайыпты алғаш рет 1908 жылы қысқы Олимпиадада жүлдеге ілінді. Британдық отбасы жұптасып өнер көрсетуде үшінші орынды иеленіп, мәнерлеп сырғанау сол тұстан бастап Жазғы Олимпиаданың бағдарламасына еніп кете барды.
Людовика мен Вальтер Якобсон, мәнерлеп сырғанау
1924 жылы Шамониде өткен алғашқы Ақ Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан фин елінің өкілдері Людовика мен Вальтер Якобссон күміс медальды иемденді. Төрт жыл бұрын ертерек жазғы Олимпиадада топ жарған жұп болатын.
Шамони төрінде Людовиканың жасы қырықта, күйеуінікі қырық бірде болыпты.
Андре мен Пьер Жюли, мәнерлеп сырғанау
1932 жылы Лейк-Плэсидте өткен қысқы ойындарда Франциядан бақ сынауға барған ерлі-зайыпты Андре мен Пьер Жюли жұптасып өнер көрсетуде жеңіс тұғырына көтерілді.
Бір қызығы, екеуі оған дейін де 1928 жылғы Олимпиадада топ жарған екен. Бірақ, ол уақытта қарым-қатынастары күрделене қоймапты.
Людмила Белоусова мен Олег Протопопов, мәнерлеп сырғанау
Советтік отбасы мәнерлеп сырғанауда көп өлкеге мәлім болған еді. Людмила Белоусова мен Олег Протопопов екі алтынды қатарынан ұтып алып, алғашқы даңғыл жолды өздері қалаған болатын: жұптасып өнер көрсетуде Инсбрукте (1964 жылы) және Гренобльде (1968 ж.)
Ирина Роднина мен Александр Зайцев, мәнерлеп сырғанау
Сегіз жыл уақыт ұзағанда Инсбруктегі ерлікті Ирина Роднина мен Александр Зайцев қайталады. 1980 жылы Лэйк-Плэсидте ерлі-зайыпты мәнерлеп сырғанаудан жеңіс тұғырына екі рет көтерілді.
Людмила Пахомова мен Александр Горшков, мәнерлеп сырғанау
Инсбрукте, 1976 жылы мұз айдында советтік спортшылар Людмила Пахомова мен Александр Горшков Олимпиаданың алғашқы чемпиондары атанды. Өмірлері бір қазанда алты жыл қайнап үлгерген уақыт екен.
Екатерина Гордеева мен Сергей Гриньков, мәнерлеп сырғанау
1994 жылы Лиллихамердегі қысқы ойындарда жұптасып өнер көрсетуде ресейлік Екатерина Гордеева мен Сергей Гриньков жұбы топ жарды. Олар оған дейін де 1988 жылы Калгари төрінде алтын алғанмен, үйлене қоймаған кездері екен.
Кеңес Одағының құлаған жылында тойларын жасапты.
Тойни Густафссон мен Ассар Ренлунд, тау шаңғысы
Қысқы Олимпиада ойындарында спорттың мәнерлеп сырғанау түрінен ғана ерлі-зайыптылар топ жарған десек, қателескен болармыз.
Швеция елінің атынан шыққан Тойни Густафссон 1968 жылы Гренобльдегі қысқы ойында тау шаңғысынан екі бірдей қашықтықта топ жарған болатын - 5 пен 10 шақырымға. Ал сол уақытта күйеуі Ассар Ренлунд шведтердің құрамында шаңғышылар эстафетасында күміс медальды иеленіп жатқан еді.
Малья-Лииса мен Харри Кирвесниеми, тау шаңғысы
Ерлі-зайыпты фин шаңғышылары Малья-Лииса мен Харри Кирвесниемиді осы күні де үлгі тұтатындар бар. Олар Олимпиада ойындарына алты рет қатысыпты.
Бірақ, Сараевода ғана отбасылық топтаманы екеулеп толтыруға мүмкіндік алған. 1984 жылы әйелі үш алтын мен бір қоланы алса (эстафета және 5,10,20 шақырымға жарыс жолынан), ері екі қолаға қол жеткізіпті (эстафета және 15 шақырымға жарыс жолынан).
Рафаэль мен Лив-Грете Пуаре, биатлон
XXI ғасырда биатлоншылар Рафаэль мен Лив-Грете Пуаре қысқы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген ең әйгілі отбасылық жұп болатын. Әйгілі болатыны сол, екеуі екі елдің атынан өнер көрсеткен еді.
Рафаэль 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде өзінің туған отаны Францияның атынан шығып, күміс пен қоланы иеленсе, Лив-Грете болса Норвегия құрамасының сапында екі жолы күміске қол жеткізіпті.
Мария мен Николай Гусаковтар, тау шаңғысы
Отбасылық әрі спорттық жұптардың барлығы Олимпиадада медальды бір ғана спорт түрінен иеленіп қоймаған.
1960 жылы Скво-Вэллидегі қысқы ойындарда Мария мен Николай Гусаковтар КСРО қоржынын медаль комплектілерімен толтырады. Мария шаңғы жарысында алтын мен күмісті, Николай болса шаңғы қоссайысында қола жүлдені иеленген болатын.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: sports.ru
Л. Лига