Йорген Граабак Сочидегі Олимпиада ойындарында 10 шақырымға созылған шаңғы қоссайысында алтын медаль иегері атанды.
Норвегияның 22 жастағы өкілі 23:27.5 уақыт көрсеткішіне қол жеткізіп, қоссайыс қорытындысы бойынша үздік деп танылды. Екінші орын да Норвегияның тағы бір спортшысы Магнус Моанға бұйырды (+0.6). Үшінші орынды Германияның атынан шыққан Фабиан Риссле иемденді (+1.6).
Кешке конькимен жүгіруде 10 000 метр қашықтыққа Дмитрий Бабенко шығады. Ел спортшысы осымен Сочидегі үшінші жарыс жолына шыққалы отыр. Ертеректе Дмитрий 5000 метр қашықтықта 15-орынды иемденсе, 1500 метр қашықтықта 30-орынды місе тұтқан болатын. Жарыс жолының басталуы Астана уақытымен сағат 19:00-ге жоспарланған.
Тізімде 14 спортшының аты аталады, біздің Бабенко неміс елінің өкілі Патрик Беккертпен жұптасып шықпақ екен.
Естеріңізге сала өтсек, дәл қазіргі таңда Қазақстан қоржынында бір қола медаль бар. Мәнерлеп сырғанаудан ел спортшысы Денис Тен қола жүлде иегері атанған болатын.
Отандық спортшымыз қысқа бағдарлама ұпайымен қоса есептегенде барлығы 255.10 ұпай жинап, қола медальды иеленген еді. Ал ел намысын қорғаған тағы бір спортшымыз Абзал Рақымғалиев қорытынды есепте 174.40 ұпаймен 22-ші орынды қанағат тұтқан-ды.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: fis-ski.com