- Негізгі бет
- Сочи-2014
- Сочи-2014. Ашылу салтанатының...
Сочи-2014. Ашылу салтанатының кейбір құпия тұстары ашылды
Еліміздің олимпиадалық делегациясы «Фишт» стадионындағы ойындардың ашылу салтанаты кезінде Италия елінің спортшыларынан кейін көпшілік алдына шығатын болды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі. Спортшыларымызды қолына Қазақстанның көк байрағын ұстаған шаңғышы Ердос Ахмадиев бастап шығады.
Одан бөлек салтанатты кеште болатын кейбір оқиғалар алдын ала белгілі болып отыр. Мысалы, Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында дәстүрлі түрде болатын әртістердің театрландырылған көріністерінен бөлек, музыкалық нөмірлердің орындалатыны анықталды. Олардың ішінде ресейлік ТАТУ тобы «Нас не догонят» әнін шырқаса, We are the champions музыкалық хитін «Голос» жобасының финалистері орындайтын болды.
Ал Олимпиада ойындарының әнұранын опера әншісі Анна Нетребко шырқайтын болды. Бұл жөнінде ашылу салтанатының сценарий авторы әрі бас креативті директор Константин Эрнст хабарлады.
Анна Нетребко
«Бір құпияны ашайын. Олимпиада әнұранын Анна Нетребко орындайды. Меніңше, ол өзіне жүктелген сенімді толық ақтай алады»,-дейді Эрнст.
Ашылу салтанаты 160 минутқа жалғасып, оның барынша жоғары деңгейде өтуіне барлығы 3000 жас әртіс пен 2700 ерікті ат салысады.
Ал Олимпиада алауын кімнің жағатыны әлі де құпия сақталуда. Осыған дейін ресейлік кейбір БАҚ оны бұрынғы гимнастшы қыз Алина Кабаеваға тапсырылды деп ақпарат таратқанымен, кейін ол расталмады.
Естеріңізге тағы да сала кетейік, Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты бүгін, 7 ақпан күні Астана уақытымен кешкі сағат 22:14-те басталады. Қазақстандық көрермендерге салтанатты кешті Хабар мен KazSport телеарналары тікелей эфирде көрсететін болады. Аталған арналардың жарыстан тарататын басқа да трансляцияларын мына жерден көре аласыз. Ал еліміздің атынан ақ Олимпиадаға 100-ден аса делегация аттанып кетті. Олардың ішінде 52 спортшы, бапкерлер, ресми тұлғалар мен журналистер бар.
Ақ Олимпиада ойындары бүгін ресми түрде ашылғанымен, кейбір жарыс түрлері кеше, 6 ақпан күні басталып кетті. Сноуборд, фристайл және мәнерлеп сырғанау жарыстарына еліміздің спортшылары да қатысқан еді. Кеше могулде Юлия Галышеваның іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, финалға жолдама алғанын хабарлаған едік. Спорттың осы түрі бойынша Қазақстан атынан сынға түскен екінші бір отандасымыз Дарья Рыбалова ақырғы кезеңге өте алмай қалды. Алайда ол 8 ақпан күні өтетін жартылай финалдық жарыста тағы да бір рет бағын сынай алады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: РИА Новости
Б. Қосмағамбет