Отандық спортшыларымыз Елена Коломина мен Татьяна Осипова Сочи Олимпиадасында шаңғы жарысында іріктеу кезеңінен аса алмады.
33 жастағы Коломина іріктеу кезеңінде 46-шы нәтижені көрсетті. 26 жастағы Осипова 57-ші нәтижені місе тұтты. Ширек финалға алғашқы үздік 30 шаңғышы өтті.
Іріктеу кезеңінде норвегиялық спортшы Майкен Касперсен Фалла жеңіске жетті. Екінші болып Катя Виснар келді, үздік үштікті норвегиялық Марит Бьорген қорытындылады.
Ерлер арасынан тәжірибелі ел спортшысы Николай Чеботько өнер көрсетеді, жас шаңғышылар Денис Волотка мен Роман Рагозиндер аталған спортшыға жарыс жолында көмек қылмақ.
Биатлонда 10 шақырымға әйелдер арасында ізге түсу жарысында Елена Хрусталева (Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері) өнер көрсетеді. Аталған спорт түрінен Дарья Усанова да қатыспақ. Тікелей көрсетілім KazSport арнасынан Астана уақытымен сағат 20:50-те көрсетіледі.
Конькимен жүгіруде "Арена Адлер" мұз айдынына отандасымыз Екатерина Айдова шығады. Арқа өңірінің қызы 500 метр қашықтықта сынға түспек. Бірінші жарыс жолы Астана уақытымен сағат 18:45-те басталады, екіншісі - 20:35. KazSport арнасы мұрағаттан көрсетеді (бірінші жарыс жолын 21:50-де, екіншісін - 01:05)
Қазақстан атынан қатысып отырған 18 жастағы Елизавета Аксенова шана спортындағы өз жарыс жолын аяқтайды. 10 ақпан күні бұл спортшымыз екі рет жарыс жолына шығып, екі мүмкіндіктен кейін жалпы есепте 29-орында тұр. Бүгін шанашылардың соңғы жарыс күні - спортшылар тағы да екі рет жарыс жолына шығып, бақтарын сынап көреді.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: frsk.kz