Оңтүстік Кореяның мәнерлеп сырғанау Федерациясы Халықаралық конькишілер одағына (ISU) Сочидегі Олимпиада ойындарының мәнерлеп сырғанаудағы еркін бағдарламада ресейлік Аделина Сотникова мен оңтүстік кореялық Ким Ю Наның алған ұпайларының ISU стандартына сәйкес келетіндігін тексеру үшін ресми хат жолдады, деп хабарлайды «Р-Спорт» агенттігі.
«Сочидегі Оңтүстік Корея құрамасы отандық федерацияға ISU президенті Оттавио Чинквантеге әйелдер арасындағы жекелей сынның бағалары ISU стандартына сәйкес келетінін тексеруге өтініш білдіруге хат жолдады»,-делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл жөнінде РФ конькимен мәнерлеп сырғанау Федерациясының президенті Александр Горшков та өзінің пікірін білдіре кетті.
«Маған белгілісі, мәнерлеп сырғанауда шағымды тек математикалық қателер кеткенде ғана беруге болады, ал мұндай жағдайда аталған хаттың қанағаттандырылуы мүмкін емес. Ал біз өз тарапымыздан оңтүстік кореялық жақтың түсірген шағымында ешқандай негіз жоқ деп санаймыз. Себебі Олимпиададағы басқа да мәнерлеп сырғанау түрлеріндегі сияқты, әйелдер арасындағы жекелей сында да төрешілер өз жұмыстарын ISU нормасына сай атқара білді»,-дейді Горшков.
Естеріңізге сала кетсек, мәнерлеп сырғанау бойынша әйелдер арасындағы сынның қысқа бағдарламасында ресейлік Аделина Сотникова кореялық Ким Ю Наға 0,28 ұпайға ұтылып, бірақ еркін бағдарламадан кейін жалпы ұпай бойынша қарсыласынан 5,48 ұпайға басым түсіп, нәтижесінде Ресей тарихында тұңғыш рет әйелдер арасында Олимпиада чемпионы атанған болатын. Алайда осы оқиғадан кейін іле-шала кейбір шетелдік БАҚ «әділ қазылар Сотникованың ұпайын көтермелеп қойды» деп даулы ақпараттар таратып үлгерді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: ifenews.ru