Басқа қаланың жүргізушілері өз көліктерімен қалаға кіре алмайды, волонтерлерге жабыраңқы көңіл-күйде жүруге болмайды, ал «Ресей Поштасының» Сочиге сәлемдемелерін уақытында жеткізуге мүмкіндігі жоқ. Олимпиада кезеңінде Сочиде жасауға болмайтын 12 әрекет.
Шет тілінде жазылған бетперде немесе жалаумен алаңға келуге
Желтоқсанда үкімет спорттық алаңдардағы жанкүйерлердің тәртіп ережелерін қабылдады. Тыйым салынған әрекеттер тізімі біраз көлемді болды. Мысалы, алаңда бетперде киіп, дененің интимді мүшелерін жалаңаштауға, трибунаға ұзындығы, ені немесе биіктігі 40 сантиметрден асатын заттарды әкелуге, керней мен сыбызғыдан басқа үріп ойнау аспаптарын пайдалануға болмайды, сонымен қатар бір жарым, не екі метрден асатын шам, лазерлік таяқшаларды пайдалануға тыйым салынған. Онымен қоса жазбасы шет тілінде жазылған, орыс тіліне аудармасы нотариалды куәландырылмаған жалаушалармен де стадионға кіргізбейді.
«Гайд-парктен» тыс жерде саяси акциялар ұйымдастыруға
Қаңтар айының басында Сочи басқарушылары Ойын кезінде саяси акцияларды Сочи қаласының Хост ауданының Хост ықшам ауданында жасауға рұқсат берген.
Вице-премьер Дмитрий Козак «өзге азаматтардың құқығын және Олимпиада хартиясын бұзбай, өз ойыңды еркін жеткізуге болады» деп мәлімдеді. Онымен қоса, «құжат бойынша спорттық алаңдар мен спорттық нысандарда саяси ұрандар тастауға тыйым салынған» - деді ол. Хартияның (Халықаралық Олимпиада комитеті қызметінің негізгі принциптері жинағы) 50-бөлімінде белгіленгендей, жарыс өткізілетін нысандарда кез келген наразылық акцияларын ұйымдастыруға немесе саяси, діни және нәсілдік насихат жүргізуге тыйым салынады.
Сочиде митинг өткізілетін жерді таңдауға Ресей президенті Владимир Путиннің өзі тапсырды. Басында кез келген қарсылық акцияларына тыйым салған, бірақ қаңтардың басында бұл шешімін өзгертті.
Жуылған киімді қылтимаға ілуге
Сочи билігі сочиліктердің тұрмысына араласып, жуылған киімдерін қылтимаға ілуге тыйым салды. Бұл үшін арнайы алаңдарды пайдалануға кеңес берді. Бұл қала көркін қашырмаудың бір амалы екені түсінікті. Сонымен қатар шенеуніктер өз қалауынша орналастырылған кондиционерлерге де назар аударды. Жаңа талаптар бойынша, «олар симметриялы орналасуы керек».
Қырын қабақты волонтер болып, блог жазуға тыйым
Олимпиадада Ресей және басқа елдерден 25 000 волонтер жұмыс жасайтын болады. Олимпиада өткізілу аралығында оларға ішімдік ішуге, темекі шегуге және Олимпиада ісі жайлы сұхбат беріп, блогқа жазып, әлеуметтік желілерге суреттер салуға және негатив ақпараттар таратуға тыйым салынады. Владимир Путин волонтерлермен жеке кездесуде негативті эмоцияларға ерік бермеулеріне және Олимпиада қонақтарымен әңгімелескенде жылы қабақ танытуларын тапсырған.
Жарыстарда шылым шегуге
Ойын кезінде Олимпиада нысандарының барлық шекарасында темекі шегуге тыйым салынған. Бұл үшін алаңдардан тысқары арнайы нысандар орнатылған. Олимпиадалық саябақтағы мейрамханалар мен барларда да шылым шегуге болмайды. Спорттық кешендер орналасқан аудандарда темекі сатуға тыйым салынған және қалалық дүкендерде темекі бұйымдарына бағалар екі есеге өскен.
Гастербайтерлерді қабылдауға
Олимпиада құрылысына ТМД елдерінен келген мыңдаған гастербайтерлер Олимпиада жақындаған сайын кедергі келтіре бастаған. Тамыз айында оларға патент беруді тоқтатқан, қыркүйекте гастербайтерлерді шығарып салу үшін казактар мен полиция қызметкерлерінен тұратын «мобильді топ» құрылған. Қаңтарда мигранттарға өңірде жұмыс істеуге рұқсат қағаздарын беру тоқтатылды. Олимпиада нысандарында жұмыс істеген жұмысшылар саны түрлі есептеулер бойынша 70 000-нан 100 000-ға дейін барды. Олардың көбі Ресей өңірлері мен ТМД елдерінен келген гастербайтерлер.
Сұйықтықпен ұшаққа мінуге
Қаңтар айының басында әуе жолы көлігі федералды агенттігі (Росавиация) авиажолаушылар тасымалы ережелерін күшейтіп, бортқа кез келген сұйықтықпен, тіпті сыйымдылығы 100 миллилитрден аспайтын сұйықтықпен кіруге тыйым салды. Тек өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектерді қоспағанда, оның өзін әуежай қауіпсіздік қызметі қызметкерлері тексерген соң ғана.
Туристерге баға көтермелеуге
Олимпиада кезеңінде билік қонақ үй, такси, кір жуатын орындар мен химтазалау қызметтеріне бағалар тұрақтандырылды. Алайда, қоғамдық көлікте жүру бағасы өсті. Мысалы, тұрғылықты халықтың сөзіне сенсек, қаланың орталығынан Кудепст ықшам ауданына дейін жол бағасы 27-30 рубльден 58 рубльге дейін көтеріліп кеткен.
«Олимпиада» жолағында көлікпен жүруге
Олимпиада кезінде Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойын көліктері үшін жолақтар белгілеген, сонымен қатар арнайы жол белгілерін тағайындаған. Белгіленген жолақтарда олимпиадалық сақиналардың бейнесі тұрады. Арнайы жолақтарға жеке көлікпен шығуға болмайды. Әйтпегенде жүргізуші 5000 рубль айыппұл төлейді.
Сочиге жеке көлікпен келуге
Ақ Олимпиада кезеңінде Сочиге басқа қалалардың көліктерімен кіруге болмайды. 7 қаңтар мен 21 наурыз аралығында Сочиге тек шұғыл қызмет, Олимпиаданың қызмет көрсету көліктерін, сонымен қатар арнайы аккредитациядан өткен жүргізушілерді ғана кіргізеді. Өзге қалалардың мемлекеттік нөмірімен кіруге талпынып көрген жүргізушілер 3000 рубль айыппұл төлейді.
Сочиде ұзағырақ қалуға
Ойынға келген шетел қонақтарына визасыз жүру құқығы 30 күнге ғана жарамды (Олимпиада 7 ақпанда басталады). Паралимпиадаға қалғысы келетіндер (7-16 наурыз) отанына оралып, жаңа виза аштырулары керек. Басқа қалалардан келген жанкүйерлер де қатаң бақылауға алынады: қонақ үйге тұрақтамағандар, үш күн ішінде уақытша мекендеген жеріне есепке тұруы тиіс.
Сочиге тез арада сәлемдеме жіберуге
«Ресей Поштасы» сәлемдемелерді жедел жеткізу қызметімен ешқашан мақтана алған емес, ал Ойындар кезеңінде — 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында — оңтүстікке сәлемдемелер бұрынғыдан да ұзақ жеткізілетін болады. Күшейтілген қауіпсіздік шаралары үшін Ресейдің басты пошта операторы Краснодар өлкесі мен Адыгея Республикасына жолданған барлық сәлемдемелерді, EMS жөнелтімдері мен бірінші санаттағы бандерольдарды үш ай бойы қосымша тексеретін болады. Тыйым салынған заттар тізімі стандартты: қару, есірткі, күшті әсер ететін, радиоактивті, жарылғыш, күйдіргіш, тез тұтанатын және тағы басқа заттар, сонымен қатар, ресей ақшасы мен шетел валютасы, тез бұзылатын тағам өнімдері, сусындар, улы жәндіктер мен өсімдіктер. Осылайша, егер Мәскеуден жөнелтілген сәлемдеме Сочиге екі апта төңірегінде келетін болса, онда Олимпиада кезеңінде қанша уақыт келетінін болжай беріңіз...
Сурет: forbes.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина