- Негізгі бет
- Сочи-2014
- Олимпиада ойындарын қай...
Олимпиада ойындарын қай телеарна және қашан көрсетеді?
Хабар және KazSport телеарналары Сочиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарынан екі жүзге тарта трансляция тарататын болады, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
- Қазақстандықтар Сочидегі ойындарды екі телеарнадан тамашалай алады,-дейді мәдениет және ақпарат министрлігі мұрағат және ақпарат комитетінің төрағасы Болат Қалиянбеков. – Олимпиада турнирінен 190-нан аса трансляцияны көрсетуге келісім жасалды. Хабар телеарнасы 51 трансляцияны көрсетсе, оның 34-і тікелей эфирден таратылады. Kazsport арнасы барлығы 140 трансляция таратуды жоспарлап отыр. Оның 78-і тікелей эфирде көрермендерге жол тартады.
Оның сөзінше, Олимпиада ойындарынан барлығы 350 сағаттай видеоконтент қазақстандықтар назарына ұсынылмақ. Ал KazSport телеарнасында қазірдің өзінде трансяциялардың толық тізімі жарияланып та қойған. Танысып шығу үшін мына жерге өтіңіз.
- KazSport телеарнасы Сочиден күніне 14-тен 24 сағатқа дейін тікелей және қайталау трансляцияларын жүргізбек. Олардың барлығы да қазақ және орыс тілдерінде жүретін болады. Трансляциялар 6-24 ақпан күндері аралығын қамтиды,-деп мәлімдеді Қалиянбеков.
Жарыстың ашылуын Хабар мен KazSport арналары тікелей эфирде көрсететін болады. Massaget.kz порталы да Олимпиаданың ең қызықты деген жаңалықтарымен және отандастарымыз қатысатын жарыстың барлығымен сіздерді уақытында хабардар етіп тұрмақ.
Естеріңізге сала кетсек, Сочидегі қысқы Олимпида ойындары 7 ақпан күні жалауын көтереді. Қазақстан атынан 52 спортшы 10 спорт түрінен сынға түседі. БАҚ бұл байрақты бәсекеде Қазақстанға қос медальды шаңғышы Алексей Полторанин алып келеді деп болжап отыр. Қысқы Ойындардың ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та қатысатынын айта кетейік.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: thekievtimes.ua
Б. Қосмағамбет