Олимпиада жанкүйерлері сақтайтын ережелер

Олимпиада жанкүйерлері сақтайтын ережелер

7 ақпан күні Сочи қысқы Олимпиадасы салтанатты түрде ашылады. Әлемнің түкпір-түкпірінен додаға қатысатын спортшылармен қатар, жанкүйерлер легі де жақын күндері ағылары анық. Ал елімізден 400-ден астам спорт жанкүйері Ресей жеріне жол тартпақшы екен. Қап тауының батысы мен Қара теңіздің жағалауында орналасқан қалада өтетін ақ Олимпиадада өз елінің спортшыларына қолдау көрсететін қонақтардың қауіпсіздігі де қатаң қадағаланбақ. Сонымен қатар, жарыс алаңдарында жанкүйерлердің сақтайтын да ережелері бар.


Ресейлік РБК ақпарат кеңістігі сайтының хабарлауынша, спорт кешендеріне қару-жарақ, ішімдіктер мен тез тұтанатын заттарды әкелуге тыйым салатын дәстүрлі шектеулерден өзге, бұл ойындарға қатыспайтын елдердің туларын да әкелуге болмайды. Сондай-ақ, арнайы күзет қызметі қолдарында сусындары мен тағамдары бар жанкүйерлерді жарыс алаңына кіргізбейді. Қазіргі таңда тексерісті жылдамдатып атқаруға қауіпсіздік қызметі өкілдері дайындалып жатқан көрінеді. Өйткені, тексеріс ұзын-сонар кезек те күттіруі мүмкін.

Спортшыларды қолдау мақсатында жазылатын жалаулар мен маталардың (баннер) көлемі 2x1,5 метрден аспауы тиіс екен. Ал сыбызғы мен керней сынды аспаптар арқылы қолдау көрсетуге болады. Ережеде жазылғандай, жанкүйерлер спорт додасы өтетін кешенге сөмкесі және 50x50x50 сантиметрден аспайтын жиналмалы орындықтарымен келе алады. Ал қонақтар арнайы төлқұжатсыз Сочи қаласы аумағына кіре алмайды.

Естеріңізге сала кетсек, қазақстандық жанкүйерлердің алғашқы легі 6 ақпан күні Сочиге жол тартса, екінші легі 15 ақпан күні аттанады. Ал ақ Олимпиада 7-23 ақпан аралығында өтеді. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: inotv.rt.com 

О. Сансызбай