Сочи Олимпиадасындағы сноуборд сынында басты фавориттердің бірі саналатын норвегиялық спортшы Торстен Хоргмо жарыс алдындағы жаттығу сәтінде жарақат алып, ақ Олимпиадаға қатыса алмайтын болды.
Норвегия елі үміт артқан спортшы хаф-пайп және слоупстайл сындарында бақ сынайтын болатын. Алайда дайындығын пысықтау барысында жаттығу жүргізіп жатқан Торстен ыңғайсыз құлап, беті мен бұғанасын жарақаттап алған көрінеді. Қазіргі таңда көптеген спортшылар сноубордшылар өнер көрсететін «Роза Хутор» жолының талапқа сай емес екеніне шағым түсіруде. Ал Олимпиада ұйымдастырушылары ақтық сынға дейін барлығы қалпына келетінін жеткізуде.
Естеріңізге сала кетсек, 2010 жылы Ванкуверде өткен ақ Олимпиадада грузиндік спортшы Нодар Кумариташвили жарыс алдындағы дайындығы барысында ауыр жарақат алып, көз жұмған еді. Жақында халықаралық Олимпиада комитеті Сочиде шана спорты түрінен өтетін сын алдында спортшыны еске алу мақсатында іс-шаралар ұйымдастыратыны туралы хабарлаған болатын.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: rsport.ru