Қысқы Олимпиада ойындарының спорт түрлері қазақтың оң жамбасына келе бермейтіні анық. Қазақстан құрамасы бұл байрақты бәсекеге тәуелсіздік алған жылдардан бері 5 рет қатысты. Алайда ақ Олимпиадада жазғы спорт түрлеріндей биік белестерді бағындыра қойған жоқпыз. Еншімізде барлығы 6 медаль ғана бар. Ал алда келе жатқан Сочи ХХІІ Олимпиадасынан үлкен үміт күтіп отырмыз. Осыған дейін ел құрамасы жүріп өткен жолға көз салып көрейік.
1994 жыл. Лиллехамер қысқы Олимпиада ойындары (Норвегия)
XVІІ қысқы Олимпиада ойындарын Норвегияның Лиллехамер қаласы қабылдады. Қазақстан құрамасы тұңғыш рет қатысуға мүмкіндік алды. Дүбірлі додада әлемнің 69 елінен 1739 спортшы бақ сынады. Байрақты бәсекеде еліміздің намысын 29 спортшы қорғады. Араға 42 жыл салып ақ Олимпиаданы қабылдаған Норвегия жерінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 12-ші орынға тұрақтады. Атақты шаңғышы Владимир Смирнов 1 алтын, 2 күміс жеңіп алды. Бұл қазірге дейінгі ел құрамасының жалғыз алтыны. Одан кейінгі 4 ақ Олимпиадада алтын медаль жерлестерімізге бұйырмады.
1998 жыл. Нагано қысқы Олимпиада ойындары (Жапония)
Жапония жерінде өткен додаға еліміздің атынан 62 спортшы қатысты. Нәтижесінде 2 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте 21-ші орынға тұрақтады. Бір қоланы 1994 жылы Лиллехамерде шаңғы спортынан топ жарған Владимир Смирнов жеңіп алды. Екінші қола медаль 5000 метр қашықтықта конькиші Людмила Прокашеваға бұйырды. Ал хоккейшілеріміз бесінші орыннан көрінді.
1998 жылы өткен Нагано қысқы Олимпиада ойындарына алғаш рет керлинг, әйелдер хоккейі мен сноуборд спорт түрлері енді.
2002 жыл. Солт-Лейк-Сити қысқы Олимпиада ойындары (АҚШ)
Америка Құрама Штатында өткен ақ Олимпиадаға Владимир Смирнов қатысқан жоқ. Ал Людмила Прокашева сәтті өнер көрсете алмады. Ел намысын қорғаған 48 спортшы жүлдеге ілікпеді. Хоккейден сынға түскен Қазақстан әйелдер құрамасы сегізінші орынды қанағат тұтты.
2006 жыл. Турин қысқы Олимпиада ойындары (Италия)
Италияда өткен ақ Олимпиадада Қазақстан қоржыны майланбады. Қазақстан атынан сынға түскен 67 спортшының бірі де жүлдеге іліге алмады. Үздік көрсеткіш болып саналған алтыншы орынды Николай Чебатько мен Евгений Кошев командалық спринтте көрсетті. Ал әйелдерден дәл осы сында Оксана Яцкая мен Елена Коломина тоғызыншы нәтижені көрсетті. Ал үміт артқан Қазақстан хоккей құрамасы да тоғызыншы орыннан аса алмады.
2010 жыл. Ванкувер қысқы Олимпиада ойындары (Канада)
Қазақстан Канадаға 37 спортшысын алып барды. Ашылу салтанатында еліміздің көк Туын биатлоншы Диас Кенешов көтеріп шықты. Әлемнің 82 елінен барлығы 3125 спортшы қатысып, 86 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Бұл рекордтық көрсеткіш еді.
Қазақ еліне соңғы екі Олимпиадада бұйырмаған медаль Ванкуверде бұйырды. 15 шақырымдық жекелей сында биатлоншы Елена Хрусталева күміс жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар, Николай Чебатько мен Алексей Полторанин командалық спринтте бесінші орыннан көрінсе, шаңғы әйелдер командасы онынша сатыға табан тіреді.
Халықаралық Олимпиада комитеті Сочиде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына 88 елдің спортшылары қатысатыны туралы мәлімдеді. Бұл арқылы Сочи Ойындары Ванкувер рекордын жаңартып отыр. Ақ Олимпиадаға алғаш рет Зимбабве елі қатысады. ХХІІ қысқы Ойындарда 3000-ға жуық спортшы спорттың 15 түрінен сынға түспек. Олардың қатарында Қазақстан спортшылары да бар.
Енді 3 күннен кейін салтанатты түрде алауы жағылатын Сочи Олимпиадасында еліміздің намысын 52 спортшы қорғайды. Ел сенім артып отырған спортшыларымыз да бар. Олардың қатарына Алексей Полторанин, Денис Кузин және Денис Тенді жатқызуға болады. Шетелдік спорт сарапшылары да осы аталған спортшылардың медаль алатынына сеніммен қарауда. Бағы мен бабы келісіп жатса, өзге спортшыларымыз да жүлде жолында аянып қалмасы анық. Осы орайда, белгілі спорт шолушысы Нұрғазы Сасаевтың алдағы дүбірлі дода туралы айтқан ойымен сөзімізді түйіндесек деп отырмыз.
«Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз»...
Сочиде өтетін ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарына зор үмітпен қараймыз. Лондон Олимпиадасындағыдай алтынға «қырғидай» тимесек те, «кемі екі-үш жүлде алуымыз керек» деп тақымымызды қысып отырған жайымыз бар. Әрі сол Тұманды Альбионда төрткүл дүниені тәнті қылған қазақтың спорттық рухы Сочиде де жалғасын тапса деген дәмеміз зор.
«Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» демекші, үміт артар ұл-қыздарымыз болмаған кездерде де бірнеше ақ Олимпиаданың төрінде көк байрағымызды желбіретіп, қатысып қайтқанымызға шүкіршілік еткенбіз. Қазір жағдайымыз көш ілгері. «Алтынмен апталып, күміспен күптелсе» деп, Сочи Олимпиадасына үкілеп қосқалы отырған үш дүлдүліміз бар. Бұл жерде Алексей Полторанин (шаңғы жарысы), Денис Тен (мәнерлеп сырғанау) және Денис Кузин (конькимен жүгіру) сынды саңлақтарымызды меңзеп отырғаным, айтпаса да түсінікті болар.
Сондай-ақ Елена Хрусталева (биатлон), Николай Чеботько (шаңғы жарысы), Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд (фристайл-могул), Екатерина Айдова (конькимен жүгіру) сынды қыз-жігіттеріміз жүлдеге ілігіп жатса, таң қалмаймыз.
Кейінгі жылдары қазақ спортшыларының халықаралық додаларда топ жарып, көзге түсіп жүргендері кездейсоқтық емес. Еліміз спортқа айрықша көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отыр. Сол елеулі еңбек пен бөлінген қыруар қаржының бәрі зая кетпеген. Кетпейді де!
Осы жерде бір оқиғаны айта кеткім келеді. Ванкувер Олимпиадасында жүргенімізде басшылар мен бапкерлер тұрмақ, бізге, яғни журналистерге канадалық өрімдей жас спортшылардың аналары қиылып өтініштерін айтты. «Сіздерде спортшыларды Үкімет қаржыландырады екен, баламның Қазақстанның намысын қорғағанын қалаймын, бізде бәрі ақылы, бар ауыртпалық ата-ананың мойнына түседі» деп ақтарылды...
Қысқы Олимпиада ойындарының көшбасшыларының бірі болып саналатын Канада халқының өздері бізге қызығады. Түсіне білсек, бұл да – тамыры терең тәрбие һәм саясат.
Тек үміт артқан қыз-жігіттеріміздің бақтары жансын дейік. Дуалы ауызды бабаларымыз «бармақтай бақ берсін» деп бекер айтпаған. Бақтары жанса, жүлдеге әлеуеті зор спортшыларымыз баршылық. Таудай талабы бар спортшыларымыз бен жан-жақты қолдау көрсетіп отырған Үкіметтің, спортшылармен қоса шүмектетіп тер төккен бапкерлер мен тыным таппай шапқылап жүрген басшылардың, бәрінің-бәрінің арман-тілегі сол қыз-жігіттеріміздің бармақтай бақтарына тіреліп тұр, қазір...
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz, bigpicture.ru