- Негізгі бет
- Сочи-2014
- Қысқы Олимпиада қаһармандары...
Қысқы Олимпиада қаһармандары
Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындары да мәресіне жақындап келеді. Ресей жерінде өтіп жатқан дода рекордтардан да кенде болып жатқан жоқ. Соның бірі – норвег биатлоншысы Уле-Айнар Бьорндален қысқы Олимпиада ойындары тарихындағы ең көп жүлдені иеленген спортшы болып танылды.
Уле-Айнар Бьорндален. 13 медаль (8 алтын, 4 күміс, 1 қола)
Норвегиялық биатлоншы 40 жасында қысқы Олимпиада ойындарының 8 дүркін чемпионы атанды. Ол 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде өткен додада аталған спорт түрінен 4 медальдар жиынтығының алтынын иеленіп, абсолютті чемпион атанған-ды. Одан кейінгі жарыстарда да жүрісінен жаңыла қойған жоқ. Ал Сочидегі 2 алтын медалі Бьорн Дели бағындырған биікті басып озуына септігін тигізді. Енді Уле-Айнар Бьорндален жерлесінен бір қола жүлдесінің арқасында озып тұр. Сонымен қатар, әлі алда биатлоншының эстафеталық жарысы бар.
Бьорн Дели. 12 медаль (8 алтын, 4 күміс)
Осыған дейін қысқы Олимпиаданың ең көп жүлдесі Бьорн Делиге тиесілі болатын. Ол 2001 жылы арқа бөлігінен алған жарақатынан кейін спорттық мансабына нүкте қойды. Оның Уле-Айнар Бьорндаленнен айырмашылығы – жарыс жолына винтовка алып шықпайтыны, яғни биатлоншы емес. Бьорн Дели – шаңғы спортының нағыз қаһарманы және аңызы. Қазіргі таңда бұл спортшы 46 жаста, және елінде өзінің атындағы брендке айналған киім-кешек шығарумен айналысады екен.
Любовь Егорова. 9 медаль (6 алтын, 3 күміс)
Ресейлік танымал шаңғышы Альбервилль (1992) мен Лиллехамерде (1994) өткен ақ Олимпиадада 3 алтыннан иеленіп қайтқан. 1994 жылдың 22 сәуірінде Ресей елі спортшыны «Халық қаһарманы» атағымен марапаттаған. Дегенмен шаңғышы қыздың спорттық мансабы сәтті аяқтала қоймапты. 1997 жылы Тронхеймде өткен Әлем чемпионатында топ жарып, кейіннен жарыс ережесіне сай емес ісі үшін алтынын қайтарып берген. Сонымен қатар, тағы бір ресейлік конькиші қыз Лидия Скобликова да Олимпиаданың алты алтынын жеңіп алған екен.
Клаудия Пехштайн. 9 медаль (5 алтын, 2 күміс, 2 қола)
Неміс конькишісінің Сочиде бағы жана қоймады. Клаудия 3000 метрлік қашықтықта төртінші орыннан көрінді. Яғни ол бұл қашықтықтағы бесінші Олимпиадасында бесінші орыннан төмендеген жоқ. Спорттық мансабында қанынан допингтің табылуы салдарынан екі жыл жарыстан да шеттетілген екен. Десе де конькиші қыз - Германия құрамасының қысқы Олимпиада ойындарындағы ең көп жүлдені иеленген спортшысы саналады.
Ал жалпы Олимпиада тарихындағы ең көп жүлдені иеленген спортшы – Майкл Фелпс. АҚШ елінің суда жүзу спортының майталманы спорттық мансабында 18 алтын 2 күміс 2 қола жеңіп алған. Ол алғаш рет 2000 жылы Сиднейде өткен додаға қатысып жүлдеге іліге алмаса, соңғы үш Олимпиадада одан асқан жүзу спортының шебері табыла қойған жоқ.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: news.vse42.ru, vk.com
О. Сансызбай