Қазақстан сыйақы мөлшері бойынша көш бастап тұр

Сочиде көк Туымызды биікте желбіретіп, Әнұранымызды шарықтатқан спортшыларға берілетін сыйақы туралы осыған дейін жазған болатынбыз. Алтын медальды иеленген еліміздің спортшысы 250 мың АҚШ долларын қалтасына басатын болады. Бұл ретте еліміз жүлдеге берілер сыйақы мөлшері бойынша көш бастап тұр екен. Ал өзге елдерде ақ Олимпиаданың алтынын алған спортшы қанша сыйақы алатынына көз жүгіртіп көрейік.

Жарыс қожайындары алтыннан алқа таққан спортшыларына 122 мың АҚШ долларын санап беруге әзір көрінеді. Ал күміс жүлдеге 76 мың, қолаға 52 мың АҚШ долларын дайындап отыр. Ал Еуропадағы көптеген мемлекеттер жарыс жеңімпаздарына әр түрлі сыйақыларды белгілеп отыр.

Норвегия, Ұлыбритания және Жаңа Зеландия елдерінде Олимпиада чемпиондарына арнайы сыйақы белгіленбейді. Британдық спортшылар тек «Team GB» бағдарламасы бойынша ақша алатын болса, норвегтер сыйақыны спортшыларына жыл қорытындысындағы жетістігіне қарай тағайындайды екен.

Швеция Олимпиада комитетінің басшысы Стефан Линдеберг Сочи жеңімпаздарына ешқандай сыйақы қарастырылмағаны жөнінде айтқан болатын. Алайда жақында Швеция бұл ақ Олимпиадаға осыған дейінгі додалармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіштегі сыйақыны тағайындап отырғаны белгілі болды. Оны елдің шаңғы федерациясы ұсынуда.

Солтүстік Америка елдерінде сыйақы мөлшері аса жоғары емес көрінеді. Олимпиадалық орталық сыйақымен қамтамасыз етсе, мемлекет жеңімпаз спортшыны салық төлеуден босатады екен. Сонымен қатар, спортшының жарнама арқылы табыс табуына жағдай да қарастырады.

Ең құпия сыйақы мөлшері – Қытайда. 10 жылдан бері жазғы Олимпиада ойындарында биік тұғырдан көрініп келе жатқан «аспан асты елі» спортшылары қысқы Олимпиадада жоғары көрсеткішке қол созып келеді. Алайда ел басшылығы Олимпиада чемпиондарына берілетін сыйақы мөлшерін құпия сақтайды. Кей деректер бойынша, чемпион атанған спортшыға 500 мың юань (шамамен 82 мың АҚШ доллары) табыстайды екен.

Өзге де мемлекеттер сыйақы мөлшері: (АҚШ долларымен)

 Мемлекет

 Алтын

 Күміс

 Қола

 Қазақстан

250 000

150 000

75 000

 Италия

192 000

103 000

69 000

 Белоруссия

150 000

75 000

50 000

 Ресей

122 000

76 000

52 000

 Украина

85 000

62 000

41 000

 Франция

69 000

27 000

18 000

 Швеция 

30 000

9 000

5 000

 АҚШ

25 000

15 000

10 000

 Германия

21 000

14 000

10 000

 Канада

20 000

15 000

10 000

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: alaman.kz