Сочи Олимпиадасында қоржынға қола медальды салған 20 жастағы ел спортшысы жүлделі орын үшін 75 мың доллар көлемінде сыйақы алмақ.
Қысқы Олимпиаданың сегіз күнінде отандық спортшыларымыздан тек үшеуі ғана үздік алтылықтың қатарына еніп отыр. Бұлар Денис Тен (75 мың доллар), могулшы Дмитрий Рейхерд (бесінші орын, 15 мың доллар) пен фристайлшы Жанбота Алдабергенова (алтыншы орын, 5 мың доллар).
Жалпы, Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарында сыйақы мөлшері жағынан ең көп алатын ойыншылар қатарына жатады. Әзірбайжан құрамасы ғана алда тұр. Бұл елде бас жүлдеге 510 мың доллар тігілген. Сосын бір қызығы, Швеция, Норвегия мен Хорватия елдерінде сыйақы берілмейді екен.
Естеріңізге сала өтсек, кеше өткен қысқа бағдарлама ұпайымен қоса есептегенде жерлесіміз Денис Тен үшінші орынға тұрақтады. Ол барлығы 255.10 ұпай жинады. Ал осы сында ел намысын қорғаған екінші спортшымыз Абзал Рақымғалиев қорытынды есепте 174.40 ұпаймен 22-ші орынды қанағат тұтқан еді.
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
Сурет: sport.news.am