Биатлон. 7,5 шақырым. Әйелдер: Қазақстан қоржыны тағы да бос

Биатлон. 7,5 шақырым. Әйелдер: Қазақстан қоржыны тағы да бос

Олимпиада ойындарында медальдар ең көп таратылатын спорт түрі саналатын биатлонда кезекті жүлделер сарапқа салынды. Бүгін әйелдер арасындағы 7,5 шақырымға сайысуда жүлдегерлер белгілі болды.

Сонымен алтын медаль бұрынғы Ресей азаматшысы, қазір Словакия елінің туы астында өнер көрсетіп жүрген Анастасия Кузьминаға бұйырды. Осылайша Кузьмина осыдан төрт жыл бұрын Ванкувердегі жасаған ерлігін Сочи жерінде де қайталай алды. Барлық нысанада қателеспей, үздік нәтиже тіркеген оның уақыт көрсеткіші - 21:06.8.

Екінші орын жарыс қожайыны Ольга Вилухинаға бұйырды. Ол мәреге жеңімпаздан кейін 20 секундқа кешігіп келді.

Қола медальды украиналық Вита Семеренко еншіледі. Оның уақыт көрсеткіші - 21:28.5.

Өкінішке орай, Қазақстан атынан сынға түскен төрт бірдей биатлоншы қыздарымыздың ешқайсысы жүлде алмақ түгілі, үздік ондыққа да жақындай алмады.

Олардың ішіндегі жоғары орынға ие болғаны Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталева болды: 23:29.6 (57 орын). Одан кейінгі орынға Дарья Усанова тұрақтады - 23:33.3 (58 орын). Галина Вишневская мәреге 64 орынмен келсе, Марина Лебедева 73 орынға тұрақтады.

Дегенмен мұнымен медаль саны бітіп қалмайды. Аты аталған спортшыларымыздың  барлығы да алдағы уақытта биатлоннан болатын бірнеше қашықтықта сайысқа түсетін болады.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: vesti.ru

 

Б. Қосмағамбет