Ертең, яғни 7 ақпан күні Сочи қаласында ХХІІ қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде өз жалауын көтереді. Қазірдің өзінде спорттың кейбір түрлерінен жарыстар басталып кетті. Олимпиада қарсаңында ең алғашқы қысқы Олимпиада ойындарындағы жарыс сәттері мен дайындық кезінде түсірілген суреттерді назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Алғашқы қысқы Олимпиада ойындары 1924 жылы Францияның Шамони қаласына болып өтті. Оған 16 елден 280 спортшы қатысты. Қатысушылар спорттың 4 түрінен, 14 бағдарлама бойынша сынға түсті.
Француз спортшылары Олимпиаданың ашылу сәтінде.
Жарыс алдындағы дайындық. Стадионды қардан тазалау.
1924 жылғы мәнерлеп сырғанау.
Алғашқы қысқы Олимпиада ойындарындағы ерекше құбылыс ретінде 11 жасар норвегиялық мәнерлеп сырғанаушы Соня Хени танылды. Соня Франциядағы жарыста ең соңғы орындардың бірінде қалып қойды. Алайда екінші, үшінші Олимпиадаларда алтын медальды қанжығасына байлады. Ол мәнерлеп сырғанаудан үш дүркін чемпион атанған алғашқы спортшы.
Жарысқа кёрлингтен бар болғаны төрт команда қатысты. Швециядан екі команда қатысқанына қарамастан, Олимпиада алтынын ұлыбританиялықтар иеленді.
Естеріңізге сала кетсек, Сочи Олимпиадасына елімізден 52 спортшы аттанды.
Жарыстың ашылуын "Хабар" мен "KazSport" арналары тікелей эфирде көрсететін болады.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: econet.ua