Сочи Олимпиадасы да аяқталды. Соңғы алауы да сөнді. ХХІІ қысқы Олимпиада Қазақстан құрамасы үшін аса табысты болмаса да, келешекте кемелденіп, ұлттық құрамамыздың мерейін үстем етер спортшылардың барлығын дәлелдеп берді.
Ресей елі 50 миллиард доллардан аса қаржы жұмсаған ақ Олимпиада мамандар тарапынан жоғары баға алуда. Жаңадан қосылған спорт түрлері де Олимп ойындарының көркін қыздыра түсті десек те болады. Барлығы 98 медальдар жиынтығы өз иелерін тапты. Ал қатысқан 88 елдің ішінен 26-сы жүлдемен елдеріне оралды. Олардың алдыңғысы немесе ортасы болмаса да, көштен қалмаған Қазақстан құрамасы бар. Мұны да ауыз толтырып айтарлық жетістік деп бағалауға болады.
Сонымен Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын 52 спортшы қорғады. 2010 жылы Ванкуверде өткен Олимпиада ойындарында 8 спорт түрінен бақ сынасақ, бұл жолы 10 спорт түрінен біздің спортшылар сынға түсті. Нәтижеміз де аса жоғары болмаса да, төменгі деңгейде емес. Жоспарлаған жүлделер жиынтығын орындай алмасақ та, жүлде жолында талас жүргізе алатынымызды дәлелдей білдік.
Фристайл спорты
Фристайлдан өткен жарыстарда ерлер арасында Дмитрий Рейхерд, Дмитрий Бармашов, Павел Колмаков – (үшеуі де могулден) және Сергей Берестовский, Бағлан Іңкәрбек (акробатикадан) бақ сынады. Әйелдерден Юлия Галышева мен Дарья Рыбалова (могулден), Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова (акробатикадан) ел намысын қорғады.
Бұл спорт түрі ел спортшылары үшін сәтті өтті деп айта аламыз. Алғаш болып жарыс жолына шығып, әйелдер арасында могулдан сынға түскен Юлия Галышева финалдық кезеңге сүрінбей өтті. Ал онымен бірге жарыс жолына шыққан Дарья Рыболова өз мүмкіндігін толық пайдалана алмады.
Юлия Галышева екінші финалдық кезеңге де сүрінбей өтіп, тәп-тәуір өнер көрсеткен. Оның секіру сәтіндегі тамаша әдіс-қимылдары бәрімізді тәнті еткені анық. Алайда төрешілер жерлесімізді алты спортшы бақ сынайтын бірінші финалдық кезеңге жібермеді. Өкінішті...Әйтпесе Юлия керемет өнер көрсеткен еді. Соңынан спортшы өзінің спорттық мансабын аяқтайтынын жеткізді. Ал ел спортының басшылары жетінші орынды иеленген жерлесіміз сыйақыдан құр қалмайтынын жеткізді.
Ерлер арасында дәл осы могул сынынан Дмитрий Рейхард алғаш болып, ұлттық құрамамыздағы үздік нәтижеге қол жеткізді. Бірінші финалдық кезеңге дейін сүрінбей жетіп, нәтижесінде бесінші орынға тұрақтады. Ал Дмитрий Бармашов іріктеу сынынан аса алмаса, Павел Колмаков екінші іріктеу кезеңіне дейін жетіп, қорытындысында 10-шы орынға тұрақтады. 17 жастағы отандасымыз алда әлі талай биікті бағындыра алатынын бір дәлелдеп берді.
Фристайлдың акробатика сайысында ерлеріміздің жолы болмады. Ал әйелдер арасындағы додада Жанбота Алдабергенова үздік нәтижеге қол жеткізді. Жарыс қорытындысы бойынша жерлесіміз 6-шы орынға тұрақтады. Бұл қысқы Олимпиада ойындарындағы алғашқы қара көздеріміздің ірі жетістігі. Осылайша фристайлдан ел намысын қорғаған спортшылар алдағы уақытта өзге елдермен терезесі тең дәрежеде өнер көрсете алатынын мойындата білді.
Шаңғы спорты
Шаңғы спорты жарыстарында еліміздің атынан Ердос Ахмадиев, Алексей Полторанин, Николай Чеботько, Марк Старостин, Евгений Величко, Сергей Черепанов, Денис Волотка, Роман Рогозин, Анастасия Слонова, Елена Коломина және Татьяна Осипова сынға түсті.
Дәл осы шаңғы спортынан еліміздің қоржыны бір жүлдемен толығады деп ойлаған болатынбыз. Алайда үмітіміз ақталмады. Ел сенім артқан Алексей Полторанин көздеген межені бағындыра алмады. Алайда Алексейді кінәлаудан аулақпыз. Өйткені, кіл мықтылар сынға түскен аламанда «сен тоқта, мен атайын» дегендер өнер көрсетті. Жерлесіміздің үздік көрсеткіші 9-шы орынды иеленуіне мүмкіндік берді. Десе де азуын айға білеген шаңғышылармен қарсыласа алар қауқары барын көрсете білді. Өзге спортшыларымызға жоғарғы межені бағындырудың ауылы алыстау болды. Олимпиаданың басты жарыстарының бірі саналатын ерлер арасындағы 50 шақырымдық масс-старт сынында Марк Старостин тәуір өнер көрсетті. Нәтижесінде жерлесіміз жарыс соңына қарай сылбырлық танытып, 38-ші орынды қанағат тұтты. Осылайша бұл спорт түріндегі үздік көрсеткіш біз бұдан жоғары үміт күткен Алексей Полторанин еншісіндегі 9-шы орын болды.
Конькимен жүгіру спорты
Конькимен жүгіру спортында ерлер арасында Денис Кузин, Дмитрий Бабенко, Роман Креч, Александр Жигин, Федор Мезенцев сынға түссе, әйелдер арасында Екатерина Айдова жарыс жолына шықты.
Бұл спорт түрінен де еліміз бір жүлдені күткен еді. Алайда бұйырмады. Бағымыз да, бабымыз да шаппады. Денис Кузиннің жолына телміре қараған жанкүйерлердің үміті ақталмады. Денис үмітті ақтамады емес, ақтады. Тек, әттеген-айы бар. Бірінші 1000 метрлік қашықтықта кештеу қимылдап жарыс жолын бастап қойды. Соңында барынша ұмтылғанмен, уақыттың орнын толтыра алмады. Нәтижесінде 7-ші орынға тұрақтады. Ал өзінің оң жамбасына сай келетін 1500 метрлік қашықтықта конькишіміз өз дегеніне мүлде қол жеткізе алмады. Бар-жоғы 9-шы орыннан көрінді. Ал спорт мамандары Денистің мұндай сәтсіздігін қатты қобалжуынан орын алды деп бағалады. Десе де Дениске өкпеміз жоқ. Қолынан келгенше тырысып бақты. Әлі де көк Туымызды желбіретеді деп сенеміз.
Конькимен жүгіру сынында Роман Креч спорттық бабында екенін байқатты. Және де болашағынан үлкен үміт күтуге де болатынын айқын дәлелдеп берді. 500 метрлік қашықтықта 7-ші орынды иеленсе, 1000 метрлік қашықтықта 13-ші орынды көрсетті. Жерлесіміз осы алған бетінен қайтпаса, әлі талай жарыстарда топ жаратынына үміт артамыз.
Жалпы конькимен жүгіру спортындағы Сочидегі 12 медальдар жиынтығының 8 алтын 7 күміс 8 қоласы Нидерланды құрамасының қоржынында кетті.
Биатлон
Биатлоннан 10 спортшымыз жолдама алған болатын. Олар: Диас Кенешев, Ян Савицкий, Сергей Наумик, Антон Пантов, Александр Трифонов, Елена Хрусталева, Марина Лебедева, Дарья Усанова, Алина Райкова және Галина Вишневская.
Ванкуверде осы спорт түрінен қоржынымызға түскен күміс медаль бұл жолы қарасын да көрсетпеді. 2010 жылы жеңіс тұғырынан көрінген Елена Хрусталева Сочиде сәтті өнер көрсете алмады. Жарыс жолына шыққан спортшылардың орта тұстарынан орын алумен ғана шектелді. Кейде жылдамдық жетіспесе, кейде мергендік жетіспей жатты.
Шана спорты
Әйелдер арасында бұл спорт түрінен жалғыз Елизавета Аксенова ел намысын қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша 28-ші орынға табан тіреді.
Тау шаңғысы спорты
Бұл спорт түрінен 4 спортшымыз жарыс жолына шықты. Олар: Игорь Закурдаев, Дмитрий Кошкин, Мартин Хубер мен Екатерина Черепанова.
27 жастағы ел спортшысы Игорь Закурдаев Олимпиада ойындарында "суперкомбинация, шапшаң құлдилау" жарысында отыз мықты спортшының қатарына еніп, 25-ші орыннан көрінсе, супергигант сынында Дмитрий Кошкин 31-ші орынға тұрақтады.
Шаңғымен тұғырдан секіру
Ерлер арасында бұл спорт түрінен жарыс жолына Алексей Пчелинцев пен Марат Жапаров шықты. Дегенмен спортшыларымыз іріктеу сындарынан аса алмады.
Сноуборд
Бұл спорт түрінен әйелдер арасында Валерия Цой сынға түсті. Жерлесіміз іріктей сынында сүрінді. Дегенмен Сочидің сұлу спортшыларының тізіміне ілікті.
Шорт-трек
Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарында шорт-тректен эстафеталық сайыстың ақтық сынында бақ сынаған Қазақстан құрамасы бесінші орынды иеленді. Құрамында Денис Никиша, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжғалиев және Айдар Бекжанов бар жерлестерімізден мұндай нәтижені ешкім де күтпеген еді. Десе де ел спорты мамандары бұл жігіттерді жүлдеге ілігуі мүмкін деп болжаған-ды. Финалдық кезеңге сүрінбей жеткен жерлестеріміз ақтық сында үшінші орынды 30-шы айналымға (круг) дейін сақтап келген. Соңына қарай шаршаңқырап қалып, бесінші орынды қанағат тұтты. Осындай жетістікке жеткен жерлестеріміздің алар асуы алда болсын дейміз!
Мәнерлеп сырғанау спорты
Қазақстан құрамасына жалғыз жүлдені сыйлаған спорт түрі. Бұл сынға еліміздің атынан екі спортшы қатысқан болатын. Олар: Абзал Рақымғалиев пен Денис Тен. Алдымен Абзал туралы айта кетейік. Ел намысын ірі ареналарда қорғап жүрген жерлесіміз қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша екінші кезеңге сүрінбей өтті. Еркін бағдарлама қорытындысын қоса есептегенде 174.40 ұпаймен 22-ші орынды қанағат тұтты.
Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарындағы құрамамызға жалғыз қола жүлдені Денис Тен салды. Ол қос бағдарлама қорытындысы бойынша барлығы 255.10 ұпай жинады. Нәтижесінде ел мәнерлеп сырғанау спортында Олимпиададағы тұңғыш жүлдені жеңіп алды. Жарайсың Денис Тен! Ел спортының еңсесін түсірмей, Көк Туымызды көкте қалықтатып, Әнұранымызды биікте шарықтатып жүре бер!
ОрынМемлекет Алтын Күміс Қола Барлығы 1Осылайша дүниенің дүлдүл спортшылары мен спортсүйер қауымы асыға күткен Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындары да мәресіне жетті. Ақ аламанның жарысы аяқталғанымен, жаңалықтары әлі аяқтала қойған жоқ. Енді келесі ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары Оңтүстік Корея елінің Пхенчхан қаласында өтеді.
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com, sochi2014.com, vesti.kz, sports.kz