Күн сайын тренд өзгеріп жатады. Сән индустриясында болмаған стиль түрі жоқ. Алайда сән өзгергенімен, әр бойжеткеннің гардеробында болуы тиіс киімдер тізімі әлі біразға жететіні белгілі. Оларға не жатады?
1. Джинс шалбары. Бірі ашық түсті, екіншісі қаралау болуы керек. Дене сымбаттылығын көрсетіп, кемшіліктерін жасыратындай шалбар таңдаңыз.
2. Топ. Сән индустриясында «алкоголичка» деп аталатын топ кез келген арудың шкабынан табылатыны анық. Таңдау кезінде ақ және қара түсті, эластан бар қалыңдау матадан болғаны абзал.
3. Туфли. Орта биіктіктегі өкшелі қара және ақшыл туфлиіңіз болуы керек. Өкшесі мейлінше тұрақты, ыңғайлысын таңдаңыз. Сіздің гардеробыңызда ондаған аяқ киім болса да, осы екеуі міндетті түрде болуы керек. Неліктен? Себебі олар ешқашан сәннен шықпайды және сізді тартымды әрі сымбатты етіп көрсетеді.
4. Қарындаш белдемшесі. Кез келген аруды сымбатты әрі кербез етіп көрсететін «must have» элементтерінің бірі. Бүгінде белі жоғары орналасқан белдемше сәнде екенін ұмытпағайсыз.
5. Костюм шалбар. Нәзік жандыларға ақшыл түсті костюм жарасымды. Әсіресе көктем, жаз мезгілінде. Ішінен контрастты топ кисеңіз, тамаша үйлесетіні сөзсіз. Сондай-ақ жакетті джинс шалбарымен киіп, ал классикалық шалбарды топ немесе «теңіз» стиліндегі кофтамен киюге болады.
6. Қара сөмке. Сөмке орта көлемді болуы керек. Міндетті түрде таза былғарыдан жасалғанын таңдаңыз.
7. Кішкентай қара көйлек. Бұл сан жылдар бойы аталып келе жатқан мастхэв элементтерінің бірі. Алайда міндетті түрде қара болуы тиіс деп айту қате. Ол қызыл, көк, ақ болуы мүмкін, ең бастысы, сізге жарасымды болуы керек. Коктейль көйлегін жакет, жамылғы, тіпті, жемпірмен де үйлестіруге болады. Оны ашық аяқ киім, балетка не туфлимен киіңіз.
8. Кішігірім дүниелер. Сондай-ақ базалық гардероб элементтеріне әдемі, былғарыдан жасалған косметика салғыш, құжат салғыш, әмиян, кілт салғыш, күнделік/блокнот, қалам сияқты қажетті кішігірім дүниелер жатады.
Іске сәт! Ал сіз не қосар едіңіз?
Сурет: ©Нарбек Раис
Оқи отырыңыз:
Сән әліппесі: Гардеробыңызда қандай киім болу керек?
Темпераментіңізге сай киіне аласыз ба? #2
Темпераментіңізге сай киіне аласыз ба?
Адам көркі – шүберек