- Негізгі бет
- Сән
- «Vogue» журналына ...
«Vogue» журналына — 100 жыл
«Сән әлемінің Інжіліне» айналған аса беделді Vogue журналының Британдық нұсқасы осыдан бір ғасыр бұрын 1916 жылы жарық көрген болатын.
Бұл басылымның түпнұсқасы болып саналатын Американдық журналды Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Ескі дүние бөліктеріне теңіз арқылы жеткізу мүмкін болмаған себепті, Конде Наст иелігіндегі баспа оны ағылшын жерінде де шығаруға бел буады. Осылайша басталған өндіріс әлі күнге дейін сапасын жоғалтпай, одан әрі қарыштап дамығаны сонша, қазір ол 20 елде әр ай сайын жарық көріп отырады.
Vogue журналының Британдық нұсқасының 100 жылдығына арналған шығарылымы. Мұқабасында: Кэмбридж герцогинясы Кейт Миддлтон. Маусым 2016
Британдық Vogue журналы Ұлыбританияның мәдениет, көркем өнер және шығармашылық әлемінің ажырамас бөлігі болғаннан бері ол жай ғана журнал дегеннен әлдеқайда кең ұғымға айналды.
Қазір сән әлемі еріккеннің ермегі емес, керісінше, қоғамға үлкен әсер ете алатын журналистикадан кейінгі бесінші билік иесіне айналып келеді. Британдық Vogue журналының басылымына әлемнің ең креативті шығармашылық адамдары жұмылдыратын болғандықтан, оны оқи отырып редакция жұмысына шын тәнті боласың. Бұл шығармашылық ұжымның әрбір мүшесі өз алдына белгілі, талантты әрі үлгі тұтарлық жаратылыс иелері.
Еңбек жолын Vogue журналының Британдық нұсқасынан бастап, қазір Американдық нұсқасының редакторы қызметін атқарушы, журнал сатылымын екі есе арттырған еңбекқор басшы Анна Винтур
«Vogue әрқашан жай ғана журнал ұғымынан артық болды: ол тарих, өмір салты, көзқарас қалыптастырушы мектеп. Ол бір ғасыр бойы адамдарды, орындарды, сәнді, идеяларды қалыптастырып келеді ....»
Британдық Vogue журналының арт директоры Робин Деррик
«Vogue журналын парақтау – өзің ешқашан сүре алмайтын ғажап өмір туралы кітап оқумен тең»
Сара Джессика Паркер, актриса
«Vogue арманға қол ұшын тигізуге мүмкіндік береді, бұл аз уақытқа болсын ертегі әлемінде өмір сүру»
Николь Кидман, актриса
Тек сән әлеміне ғана емес, сонымен қатар, журналистика, фото өнер, дизайнерлік, редакция жұмысы секілді салаларға қызығушылық танытатын жастарға “Қыркүйектік басылым” (“September issue”) аталатын Американдық Vogue журналына арналған дереккөздік фильмді қарап шықсаңыз болады. Шығармашылық жолындағы адамға әсер етпей қоймайтын фильм.
А. Оралқызы