Киімдегі осы жылғы трендтердің бірі — викториандық стильдің қазіргі заманға лайықталған түрі. Бұл сәннің кезеңділігіне және соңғы жылдары экологиялық тұтынымға қызығушылықтың артуына байланысты. Егер викториандық стильді ұнатсаңыз, ол кезеңдегі қандай киімдерді заманауи гардеробқа үйлестіруге болатынын ұсынамыз.
Викториандық стильдегі киімдерді қолданылған киімдер сатылатын дүкендерден (second hand) де, масс-маркет сөрелерінен де кездестіруге болады.
Корсет
Соңғы бірнеше жылда корсеттер сән подиумдарынан жиі көрініп жүр. Ол әйел гардеробындағы нәзік киімдердің бірі саналады. Викториандық кезеңдегі әйелдер секілді қазір оны қатты тартып киюдің қажеті жоқ. Осы жазда корсеттің түрлі түсті торлы түрлері, эко-былғарыдан және атластан тігілген түрлері, сондай-ақ гүлдермен немесе өрнектермен безендірілген түрлері сәнде болады. Бұл жылы стилистер корсетті базалық футболкамен немесе оверсайз жейдемен, кешкі көйлектермен және тіпті, шалбарлы костюмдермен киюді ұсынады.
Барқыт көйлек
Викториандық кезеңнен шабыт алып тігілген барқыт көйлектер осы мерзімде ерекше танылды. Стилистер мұндай көйлекті мейрамханаға немесе мерекелік шараға киіп баруды ұсынады. Оның денеге жабысып тұратын түрлері де, бос пішімде тігілген түрлері де сәнді көрінеді. Терең түсті көйлектерге мән беріңіз: жасыл, күлгін, көк немесе қара.
Жағасы тік жейде
Жағасы тік әрі биік жейделер аристократтықпен, ұстамдылықпен және биязылықпен ассоциацияланады. Осы жылы оның түрлі материалдан тігілген түрлері сәнде болады: нәзік жібектен тығыз зығырға немесе синтетикаға дейін.
Иығы көлемді және шілтерлері бар жейде
Шілтерлері бар ақ викториандық жейделер де заманауи гардеробпен жақсы үйлесе алады. Дизайнерлер оны классикалық шалбарлармен де, базалық джинс шалбарларымен де киюді ұсынады. Жазда мұндай жейдені жеңіл матадан тігілген белдемшемен киюге болады.
Бүрмелі көйлек
Бүрмелі көйлектер мен сарафандар — жазғы маусымның ең романтикалық тренді. Олар сән үйлерінің топтамаларында жылдан жылға көбеюде. Нәзік маталар, шілтер, үрмелі сұлба, кербездік — викториандық стильдің элементтері. Ол кездері көйлектерді тек ақ немесе қара матадан тіккен. Ал қазір мұндай көйлектердің әртүрлі нәзік түстегі түрлерін кездестіруге болады.