Үйлену тойы секілді салтанатты сәтті әрбір қыз баласы өмір бойы күтеді. Және әрбір нәзік жанды өзінің кешінде ханашайымдай болып киінгісі келеді. Ол үшін көйлек, әшекей бұйымдар, гүл, макияж ғана емес, туфли де дұрыс таңдалуы керек. Жалпы, тойға деген дайындық асқан ұқыптылықты талап етеді, ал туфли таңдау тіптен қиын. Бүгінгі жазба осы туралы.
Ыңғайлылық
Үйлену тойына арналған аяқ киімде болуы керек ең негізгі сапа – ыңғайлылық. Себебі, сіз бұл аяқ киіммен бір күн бойы жүресіз. Сізге қаншама жерді жаяу бағындыру керек, күлу, билеу, камера алдында түрлену дегендер тағы бар. Сол себепті, туфли қажамайтындай, жайлы әрі бекем болуы қажет. Әрине, биік каблукты аяқ киімдер әсерлі, әдемі, тартымды көрінеді. Алайда "сұлуынан жылуы" демекші, өзіңіздің шамаңызға қарап таңдаңыз. Каблуктың ұзындығы 5-7 сантиметр болса жетеді. Сондай-ақ, аяқ киімді таңдарда күйеу жігітің бойын да есепке алыңыз. Оның бойы аса ұзын болмаса, шпилька алмағаныңыз дұрыс.
Үлгі (фасон)
Үлгі бойынша туфли көйлекпен үйлесімді болуы керек. Егер той жазда болса, босоножка алғаныңыз абзал. Бір жағынан аяқ терлемейді, екінші жағынан ары-бері оралған баулар әдемі көрінеді. Босоножка етегі үшбұрышты қиықтары бар көйлектермен дұрыс келеді. Егер, көйлегіңіздің иығы немесе белі ашық болса, оған қайықша туфлилар дұрыс келеді. Егер кішігірім той болып, қалыңдық жеңіл мақта көйлегін кисе, балеткалар мен сандалдарды таңдаған жөн. Егер саусақтары ашық туфли алғыңыз келсе, оның сенімді бауларының болуына назар аударыңыз. Бұл аяқты тиянақты етіп көрсетеді.
Түсі
Үйлену тойына арналған аяқ киімнің көйлекпен үйлесімді болуы керек екенін әрбір қыз баласы біледі. Мұндайда көбіне крем, пастель реңді аяқ киімдер таңдалады. Сұрақтың астына қалып, әбігерге түспес бұрын той көйлегінің бір жапырақ кесіндісін өзіңізбен бірге алып жүріңіз. Негізінде аяқ киімдердің көпшілігі көйлекпен бірге сатылады.
Бағасы
Тойға арналған аксессуарларды таңдағанда барлығымыз да бағасына баса назар аударамыз. Алайда, өте қымбат туфлилерді сатып алуға тырыспаңыз. Себебі, баға сапаға әрдайым сай келе бермейді. Аяқ киім тым мәнерлі болса, өміріңіздің соңына дейін қорапта немесе шкаф ішінде жатады емес пе? Егер аяқ киім тым қарабайыр болса, қандай бағаға болсын ала беріңіз, оны кішігірім той-томалақтарға кие бересіз. Ал бір киетін аяқ киім үшін арзанына тоқтағаныңыз абзал.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: damskiydom.com, ivona.bigmir.net
Оқи отырыңыз:
Қалың қалай, қалыңдық?
Қалыңдықтар ұлттық көйлекті таңдайды
Өмірдің тойы, көңілдің тойы – үйлену
Үйлену тойына дайындалайық
Қалыңдық гүлін қалай таңдау керек
Үйлену тойы алдындағы күйзеліс