Көшеге шыға қалсаңыз, сәнқұмар жас қыздарды былай қойғанда, әйелдің де, ердің де, балалардың аяғынан да байпаққа ұқсас «угги» етіктерін көреміз. Бұл аяқ киімдер томпақ пішініне қарамастан, өте сәнді.
«Угги» етіктерін австриялық фермерлер ойлап тапқан. Етік атауының қазақша баламасы — «сүйкімсіз аяқ киім». Яғни, етік пішінінің тым дөрекі әрі ұсқынсыздығына байланысты шыққан. Нақты деректемелерге сүйенсек, «угги» атауын 1971 жылы австриялық фермер Шон Стедман ойлап тапқан екен. Бастапқыда, бұл етіктер ешкі терісінен тігілген, өте жылы әрі ыңғайлы болған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, корпусына қалың мұз қатқан ұшақта жүретін ұшқыштар аяқтарын жылы ұстау үшін угги етіктерін киген.
Соңғы 4 жылда уггилер әлемнің сән сахналарында хитке айналды. Ол ыңғайлылығымен сән әлемін өзіне бағындырды. Сән зерттеушілерінің айтуына қарағанда, уггилердің сәнге айналуына голливуд жұлдыздарының тигізген ықпалы зор. Американың танымал актрисасы әрі тележүргізушісі Опра Уинфи өзінің бағдарламасына угги етігін киіп шығып, елдің қызығушылығын тудырған.
Қазір кез келген дүкеннің аяқ киім сөрелерінен угги етіктерін кездестіруге болады. Бірақ, олардың дені — жасанды уггилер. Жасанды уггилердің шынайысынан айырмашылығы — су тартатындығында. Уггилердің түпнұсқаларының матасы тығыз, жүні қалың және су тартпайды. Сондықтан олар тым дөрекі болып көрінеді. Қазақстан базарлары мен дүкендерінде угги етіктерінің орташа бағасы — 4000-8000 теңгені құрайды. Сапасы әр түрлі. Олардың түрлері де көп: жалпақ пішінді, ұзын қонышты, жұқа, қалың, люрикс маталы, суретті уггилер. Сәнқойлар талғамына қарай кез келгенін сатып алады. Ал жалпы санақ бойынша, угги етіктерінің қара түстілері көп шығарылады және олар зор сұранысқа ие.
Угги етіктері көбінесе шалбармен үйлеседі. Ал көйлекпен аздап келісіңкіремейді. Сонымен қатар, «кэжуал» стилінің түрі болып саналатын киім болғандықтан, оны кешкі қыдырыстарға, салтанатты жиындарға киюге болмайды. Спорттық киім үлгісіне жақын келеді.
Ал денсаулық сақтау мамандары угги етіктерінің аяққа зиянын айтып жүр. Өкшесінің жоқтығы және табанының жұмсақтығы аяқты «түйетабан» етуі мүмкін. Сондықтан, дене бітімі енді қалыптасып келе жатқан балаларға угги етіктерін кигізу зиян. Жүріске де кері әсерін тигізеді. Британ остеопатия зерттеу институның профессоры Йен Дрисдэйл зерттеуі нәтижесіне сай, угги етіктерін күнде киюге болмайды. Себебі, оның тым жұмсақтығы табанға қан жібермей, аяқ бұлшықеттерін бос ұстап тұрады. Уггиді ұзақ киюшілердің омыртқа сүйектері де зардап шегеді. Бір сөзбен, угги етіктері қаншалықты ыңғайлы болса, соншалықты зиянды... Угги ішіндегі аяқты тіреп тұратын бөлігі жоқ, сондықтан адамның жүрісі де бұзылады.»
Таяқтың екі ұшы бар демекші... Қыстың қарлы боранында аяқты жылы ұстау қажет. Бұған угги етіктері сөзсіз ыңғайлы. Ал оны сән үшін көктем шыққанша кию — тұтас денсаулыққа зиянын тигізеді. Сондықтан, угги киіп жүрсеңіз, ойланыңыз.
Сурет diary.ru сайтынан алынған
Авторы: тұрақты қолданушы Айнара Байжан