Тренд: ретро көйлек

Кимейтін киімді сандықта сақтап қою дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз? Әлде оларды лақтыра салған әлдеқайда ұтымды шешім бе? Егер сіз соңғысы дұрыс деп есептесеңіз, қателесесіз. Себебі, соңғы маусымдарда өткен күндердің үздік киім үлгілері қайта трендке айналып жатыр.

Біз, қыздар, қашан да әжелерімізбен бірге сандық қопарып немесе аналарымыздың киім шкафтарын бірге сұрыптағанда жақсы көреміз. Олардың сары майдай сақтап қойған ескі болса, әдемі көйлектерін айна алдында киіп қарағанды жанымыз сүйеді. Кейде сол жаман-жәутік арасынан тапқан бұйымдардан олжалы қалатынымыз да бар.

Осы орайда сандықтар ішінен ескі көйлектер көріп қалсаңыз, оларды көзден таса қалдырмаңыз. Себебі, биылғы жазда 1950-жылдар үлгісіндегі ретро көйлектер сәнге айналып отыр. Егер әжеңізден 1-2 көйлек қалса, сіздің жолыңыз болды деген сөз.  

Ал, жоқ болып жатса, уайымдамаңыз. Оларды қазір сатып алуға да болады. Мысалы, аты сән әлеміне жақсы таныс Жанна Дамас есімді француз бикештің әдемі ескі көйлектер шығарумен айналысатын Rouje маркасының сайтына кіріп қалаған көйлегіңізге тапсырыс берсеңіз болады.