Көктемде кішкене уақытқа ғана көрінген күннің өзіне балаша қуанамыз. Күн жылынғанын асыға күтеміз. Сөйте тұра, көзге шағылысқан күннен қорғайтын көзәйнек іздеп дал боламыз. Оның өз себебі бар. Өйткені, қазіргі таңда ол өзінің тікелей функциясынан гөрі, сән бұйымы ретінде жиі қолданылады.
Жұлдыздар өмірі үлгі болған заманда олар қандай көзәйнек кисе, сол трендке айналатын болды. Осы көктемде көзәйнектің неше түрлі нұсқалары сәнге айналған. Мысалы, «Матрица» фильміндегі а-ля Тринити немесе «Бригада» сериалындағы басты кейіпкер Саша Белый стиліндегі бұйымдар Balenciaga, Emilio Pucci мен Courrèges топтамаларынан бой көрсетсе, осы стильге қарама-қарсы, яғни, беттің жартысын алып тұратын үлкен көзәйнектер Miu Miu мен Gucci топтамасына енді.
Тағы бір есте қаларлық фасон — Stella McCartney топтамасындағы ретро жиекті көзәйнек үлгісі.
Бұл бұйым басқа аксессуарлардай емес, оның үйлесімді нұсқасын таңдау үшін біраз әбігерге түсуге тура келеді.
Егер сіздің бетіңіздің формасы кішкентай болса, ойланбай-ақ жіңішке көзәйнек таңдай берсеңі болады. Ал, бет формаңыз стандартты қалыптан сәл үлкендеу болған жағдайда үлкен әйнекті көзілдіріктер таққаныңыз дұрыс болады.