- Негізгі бет
- Сән
- Тренд: 1990 жылдар...
Тренд: 1990 жылдар минимализмі
Былтырдан бері 1990 жылдары сәнге айналған киімдер қолданысқа қайта түсіп, екінші өмірін бастағандай болды.
Оның қандай үлгідегі киімдер екенін нақты анықтай алмасаңыз, біз сізге көмектесеміз. Естеріңізде болса, өткен ғасырдың соңғы онжылдығында жастардың кумирі болған нәзік актриса бар еді. Барша әлем сол Вайнона Райдердің айрықша болмысына ғашық болды. Ал, оның ішкі жандүниесінің ерек екені сырт киімінен көрініс табатын. Міне, актрисаның сол шақтағы фотосуреттерін қарап өтсеңіз, ненің трендке айналғанын анықтау қиындық тудырмас.
Киносүйер қауым Вайнона Райдерді белгілі режиссер Тим Бертонның «Лукас» аталатын трагикомедиясындағы шебер ойыны арқылы таныды. Бертонның актриса өнері тәнті болғаны сонша – оған 1988 жылы түсірілген «Битлджус» фильміндегі басты рөлді сеніп тапсырады. Хас өнерпаз ретінде Райдер 1990 жылдары мойындалды. «Эдвард Сизерхэндс», «Елестер үйі», «Пәктік дәуірі» сынды картиналарда сомдаған рөлі үшін «Алтын Глобус» пен «Оскар» марапаттарына бірнеше номинациялар бойынша ұсынылды. Осы сәттен бастап папарацци оның ізінен қалмады.
Вайнона Райдер — 1990 жылдар сән әлемінің жарқын өкілі. Селебрити-мода ұғымы енді белең алған заманның бастауында болған сирек тұлғалардың бірегейі. Қазіргі уақытта жұлдыздардың әр шараға не киетінін арнайы стилист мамандар ойластыратын болса, ол кезде жас атақты актрисалар қызыл кілемнің өзіне өз білгенімен сәнденіп баратын. Осы замандағы мінсіздіктен гөрі, сол уақытқа тән қарапайымдылық әлдеқайда қымбатырақ көрінетіндей кейде...
Райдер де сол қасиетімен көпшілік көңілінен орын тапты. Кей костюмдері туған анасы жас кезінде киген нәрсені іле салғандай көрінетін. Оверсайз-кардигандар мен ұқыпсыз гранж стиль, олдскул рэперлер мәнерінде тағылған бандана, lady like образдағы винтажды сөмке мен қайық пішінді туфли («Әжелер стилі» деген атаумен танылған, қазіргі кезде Vetements пен Gucci сән үйі осы бағытта жаппай киім үлгілерін ұсынуда).
Вайнона Райдердің жас кезіндегі суреттерге қарап отырсаңыз, ол соншалық стильді көріну үшін саусағының ұшын да қозғалтпағандай, тіпті, еш басын ауыртпағандай көрінеді. Десе де, ол фильм премьераларына mom-джинс пен ерлер бәтеңкесін, не болмаса, былғары күрте мен нәзік жазғы көйлек кисе де өз болмысынан өзгермейтін. Оның жеке тұлға ретіндегі өзіндік ерекшеліктері бірден көзіңізге оттай басылатын. Оның үстінде бір-бірімен мүлдем үйлеспейтін киімнің өзі үйлесім табатын.
Ол қай-қай жағынан да өте еркін болды және соны жастарға үлгі етті.
А. Оралқызы