Тойға дайындық: қалыңдық гүлін жасау

Тойға дайындық: қалыңдық гүлін жасау
Фото: Турсынгали Смагулов

Бәрімізге мереке десе гүл елестейді, ал ең маңызды күні ең керемет гүлдер қалыңдықтың қолында болуы тиіс деп ойлаймыз.

Үлкен гүл дүкендерінде арнайы дизайнерлері қалыңдыққа арнап тапсырыс бойынша гүл шоғын жинап береді. Мәселе тапсырысқа кеп тіреледі. Қолыңызда қандай гүл болғанын қалайсыз? Образыңызға сай ма? Еуропалық букет пе? Әлде экзотикалық гүлдерден жиналғаны ма? Жыл мезгіліне сай келеді ме? Үлкен бе? Кіші ме? Осы секілді көп сұрақтың астында қалмас үшін келесі мақаланы ұсынамыз.
 
Той күні бәрі де мінсіз болу тиіс. Той залы, дастархан мәзірі, той көйлегі, мэйк-ап, шаш үлгісі, тырнаққа жасалған маникюрге дейін ойластырылатыны рас. Осы тізімде қалыңдық гүл шоғы да бар.
 
Қалыңдық букетіне тапсырыс берерде келесі кеңестерге назар салыңыз:
1. Егер қандай да бір гүлге не шөпке аллергияыңыз болса, онда міндетті түрде бұл жайлы тапсырыс берер алдын айтып кетіңіз.
2. Қалыңдық букеті жыл мезгіліне сай болуы шарт. Себебі, қыста нәзік, суыққа төзімділігі жоқ  гүлдерден жиналған букет серуен кезінде солып, сұлулығын жоғалтып алуы мүмкін.
3. Букет өзіңізге сай болуы керек. Кішкентай бойлы нәзік қалыңдық қолында өзінен үлкен букет жарасымсыз болса, бойы биік қалыңдық қолында шағын букет жарасымды болып көрінбейді.
4. Букет той көйлегіңізбен түстес болуы шарт емес. Ақ көйлекке ақ гүлдер таңдау да қателік деуге болады. Сол себеп гүл шоғыңызда көзге түсерлік элементтер болғаны сізді аша түседі.
5. Қалыңдық букеті гүлден ғана емес, кейде шағын жидектер, жемістер (мысалы жабайы алма), моншақтардан және т,б, элементтерден құралуы мүмкін.
6. Гүлдер сабағын әдемілеп орап тастамас бұрын, кей гүл дүкендерінде сабақ түбіне сулы мата орап қояды. Мұндайда букет солмай, ұзақ уақытқа шейін әдемілігін сақтайды.
7. Егер көйлегіңізде элементтер көп болып, барлық назар көйлекте болатын болса, гүл шоғырын қарапайым ғана гүлдерден жинауға болады.
8. Соңғы кездері дизайнерлер солмайтын қалыңдық букетін ұсынады. Матадан, түймеден, моншақтан, қағаздан және т.с.с материалдардан жасалған гүл шоқтары сәнге кіруде. Бірақ, мұндай букет расында өте өжет қалыңдықтар таңдауы екенін жасырмаймыз.

Келесіде ерекше қалыңдық букеттері мен  қалыңдық букетін өз қолыңызбен қалай жасауға болатыны жайлы айтып өтеміз. Ал қазірше той букеттерінің келесі түрлерін назарыңыза ұсынамыз, қымбатты қалыңдықтар!
@. @assel_assanova