- Негізгі бет
- Сән
- Той сәнінде қандай...
Той сәнінде қандай жаңалық бар?
Той мерзімін ашық деп жариялауға болады. Бір қарағанда той сәні өзгермейтіндей көрінуі мүмкін: ақ түс, ұзын етек, салтанатты көйлек. Бірақ жыл сайын той көйлектері өзгеріске еніп тұрады, ал дизайнерлер жаңа трендтер ұсынып отырады. Ендеше, заманауи қалыңдыққа киім таңдауға бірнеше идея ұсынамыз.
Кейп
Жаңа мерзімнің ең сәнді той көйлектерінің бірі — фата мен жамылғының гибридіне ұқсайтын кейпі бар көйлектер. Той көйлектерін шығаратын көпшілік брендтер фатаның орнына ерекше кейптерді ұсынып отыр. Бұрын кейпті көйлектің тек арқа жағынан түсетін етіп жасайтын. Ал қазір оның түр-түрін кездестіруге болады. Мысалы, көйлектің жеңі кейп секілді еденге дейін түсіп тұратын, бір иықтан ғана шығатын кейп және ірі гүлдермен безендірілген кейптерді байқауға болады.
Бант
Банты бар той көйлектері — жаңа тренд емес. Бірақ мұндай көйлектер 2022 жылы той мерзімінде басым бола түсейін деп тұр. Дизайнерлер той көйлектерін түрлі формадағы және өлшемдегі банттармен безендіруде. Ерекше көлемді бант той көйлегінің алдында немесе артында орналасуы мүмкін. Осы жазда көлемді банты бар қысқа той көйлектері трендте болады.
Шалбарлы костюм
Осы мерзімде дизайнерлер болашақ қалыңдықтарға көйлектер ғана емес, ақ шалбарлы костюмдер де ұсынып отыр. Сән көрсетілімдерінен иығы көлемді костюмдер, палоццо шалбарлар, денеге жабысып тұратын жилеттер және ерекше жейделер көрінді. Әлеуметтік желілерден бірдей шалбарлы костюм таңдаған күйеу жігіттер мен қалыңдықтарды да көрген боларсыз?!
Минимализм
Шағын ақ той көйлектері ешқашан сәннен шықпайды. 1990 және 2000-жылдардың әсері бізбен бірге ұзақ болатын секілді. Минимализм стиліндегі кей ақ көйлектерді тойдан кейін де киюге болады. Сән көрсетілімдерінен мұндай көйлектердің грек эстетикасындағы, викториандық стильдегі, ұзын жібек түрлерін кездестіруге болады.
Көлемді жең
Іші ауамен толтырылғандай көрінетін көлемді жеңдер — 2022 жылдың көктем-жаз мерзімінің басты трендтерінің бірі. Бұл тренд той көйлектеріне де тараған. Дизайнерлер мұндай жеңді салтанатты той көйлектеріне де, денеге жабысып тұратын «су перісі» көйлектеріне де пайдаланған. Дүкендерден мұндай жеңді алып тастауға болатын той көйлектерін де табуға болады.
А. Жапатова