- Негізгі бет
- Сән
- Тор принтінің түрлерін...
Тор принтінің түрлерін ажырата білейік
Осы маусымның басты трендтерінің бірі тор принті екенін айтқан болатынбыз. Тор суреті жалпы бұрыннан бері бірнеше онжылдық бойы сәннен шықпаған, бейнені бірден жандандыра алатын ерекше тренд. Дизайнерлер маусым сайын тор принтінің түрліше қолданысын ұсынып, оны сәннен алыстатпай отыр.
Торлы принттің сан алуандығы таң қалдырады. Үлкен, майда, түрлі түсті, бір түсті, жарқын не байқалмайтын... Шотланд торы, ағылшын торы, "қаз ізі"... Тор принтінің сан түрлерін ажыратуды үйренейік.
Ағылшын торы
Қалың маталарға салынатын күңгірт түсті торлы сурет көпшілікке дәстүрлі ағылшын торы атымен таныс. Бұндай принтті классикалық стильдегі киімнен (пиджак, шалбар, пальто) байқауға болады. Түстер арасында күңгірт сұр, қоңыр, қара-қызыл, жасыл кездеседі. Ағылшын торының жақсы мысалы қара, қоңыр, сарғылт-қоңыр, қызыл түстерінде орындалған Burberry брендінің дәстүрлі суреті бола алады.
Виши
1850 жылы Виши француз қалашығында пайда болған майда торлы сурет. Торда қолданылатын екі түстің біреуі дәстүр бойынша ақ болады. Әубаста төсек-орын, орамал мен дастарқан үшін қолданылған принт қазірде сән әлемінде жиі кездеседі.
Гленчек
"Қаз ізі", "пепита" деп аталатын майда торлы суретті маталардың ортақ атауы. Бұл торлы принттердің торларының пішіндері өзгертілген келеді.
Қаз ізі
Ақ-қара түсті қаздың ізіне ұқсайтын торлы өрнек сәнге Коко Шанель кезінде, XX ғасырдың 20-40-жылдары енген. Осындай принтті костюм не пальто әрқашан классика саналатын, қазірде де дәстүрлі болып кеткен сурет актуалдылығын жоғалтпады.
Пепита
Үлкен танымалдылыққа ие тордың бұл түрі Испаниядан бастау алған. Бұл принттің торының пішіні сәл өзгертілген болады, дәстүрлі түрі ақ-қара түстерде орындалған, сондықтан оны көп жағдайда "қаз ізімен" шатастырады. Алайда түрлі түстер қосылған түрлері де кездеседі.
Мадрас
Индиядағы Мадрас өндірістік қаланың құрметіне аталған тор түрі түрлі түстерде орындалып, торлары үлкен болады.
Оксфорд
Принтінің түсі негізгі түске сай келетін, жұқа маталарда орындалатын жолақтардың қиылысы нәтижесінде тор пайда болатын сурет.
Уэльс ханзадасы
Сұр түсті матада салынатын майда торлы сурет. Жіңішке сұр, көгілдір түстерінің қиылысы майда, әрең байқалатын торларды қалыптастырады. Принттің атауы осындай матадан киілген киімді жиі киген Уэльс ханзадасының атымен аталған.
Тартан
Қалың, қатты жүн матасында салынатын торлы сурет. Тор түрлі түсті жолақтар қиылысы нәтижесінде пайда болады.
Шотланд торы
Жалпы үлкен көлемді торлы суреттердің ортақ атауы. Дәстүрлі шотланд торы қызыл фонда, жасыл, қоңыр түсті жолақты болады.
Торлы сурет қашанда сәнде қала береді, сол себепті бірнеше дәстүрлі тор принтті гардероб бұйымдары сізге әрқашанда қажет болады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: wmj.ru
С. А