Толық қыздардың гардеробы

Толық қыздардың гардеробы

Толық қыздар мен әйелдер қисынсыз және күлкілі көрініп қалмас үшін қалаған киімін кие алмайды. Дегенмен, толық пішінді арулар да сәнді әрі заманауи киінгісі келеді. Кез келген киімді үстіне іле салатын арық қыздарға қарағанда, толық арулар өзіне жарасатын киім іздеуде қиналады. Бірақ егер толық пішін иегерінің көңілінен шықса, діңкесіне тиетін диеталарды ұстануы міндетті емес. Ең бастысы – кемшіліктерді жасырып, пішінін тартымды ететін артықшылықтарды айқындайтын гардероб жасау.

Бұл мәселеде матаның рөлі ерекше. Толық қыздар қалың маталардан тігілген киімдерден аулақ болғаны жөн және ірі тоқыма мен көлемді өрнектерден бас тарту керек. Селдір матаны тек бір жағдайда немесе дененің кейбір бөліктерінің артықшылығын айқындап тұратын жерлерде ғана пайдаланған жөн. Мысалы, әдемі декольте аймағын.

Ақ түс толық қыздарға жараспайды деген пікір бар. Бірақ бұл қате пікір. Егер киімдегі ақ түсті мөлшермен және дененің ұтымды көрінетін бөліктерін айқындау үшін пайдаланса, онда пішін барынша тартымды көрінетін болады. Қара түс пішінді біршама арық етіп көрсетеді деген тұжырым – шындыққа сай. Бірақ өзіңді бір шеңбердің ішіне тықпалап, тек осы түспен шектелудің қажеті жоқ. Дұрыс пайдаланған жағдайда ашық түстер де сырт көзге пішінді сымбатты етеді.

 

Принтке келер болсақ, бір киімде, мысалы, көйлекте пайдаланылған ұсақ түс түрлері пішінге сымбаттылық сыйламайды. Есесіне ірі және жиі емес принт толық пішінді қыздарға жарайды. Көлденең жолақтары бар киімдер де кимеген жөн, мұндай киім тек арық қыздарға жарасады. Ал тік және жіңішке жолақтар пішініңізді ұзартып, сырт көзге сымбатты етіп көрсетеді.


Егер киім үлгілері жайлы айтар болсақ, көптеген ару қолпылдақ кең киім кисем, пішіннің кемшіліктерін жасырамын деп ойлайды. Алайда бұлай істеп, қателеседі, өйткені кең киімдер сізді одан сайын ірі етеді. Кейбір толық қыздардың басқа әдісі – қажетті мөлшерден кішкентай, тым тар киім кию. Есіңізде болсын, мұндай киімнен пішініңіз сымбаттылыққа ие болмайды, керісінше, ұсқынсыз көрінетін дөңестер пайда болады. Сонымен қатар, тым ашық киімдерді киюдің қажеті жоқ.

Сурет: fashionnews-online.com, newwoman.ru, fashiony.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

Оқи отырыңыз:

Толық аяқты жасыратын киімдер

A. Mustafina