Біз осыған дейін дене бітім ерекшелігіне («алма», «алмұрт», «банан») қарай киіну туралы әңгімелеген едік. Тағы бір ескеретін жайт, ол – адамдардың темпераменттері: холерик, сангвиник, флегматик және меланхолик.
Адамдардың темпераментіне байланысты сәнге, киіну стиліне деген көзқарасы төрт түрлі болады. Өзіңіздің қай темпераментке жататыныңызды білу үшін мына сілтемеге өтіңіз.
Басы
Флегматик. Бұлар - байсалды, асығыс шешім қабылдамайтын жандар. Барлық нәрсені жүйелеуді ұнатады. Сирек қателеседі. Адамдармен де белгілі бір мақсатта ғана қарым-қатынас жасайды. Бос әңгімені сүймейді. Алайда олардың баяулату сынды кемшіліктері бар. Жаңа нәрсеге ұзақ уақыт бейімделеді.
Әрбір сағат сайын өзгеріп жатқан өмірдің көшінен қалмау үшін дағдылы әрекетінен бөлек, жағымды және кәсіби саладағы жаңалықтарға құлақ түріп, оларды күнделікті қолдана білуге әдеттенуі қажет.
Флегматиктер сәнге де немқұрайлы, «сұлуынан жылуы» деп қарайды. Алайда өзін-өзі құрметтейтін әрбір бикеш (флегматик те) сырт киіміне де көңіл бөлгені абзал. Сондықтан сәнгерлер оларды «сергітіп», белсенділігін арттыру үшін әдеттегі олардың сүйікті қара, қоңыр, сұр түстерінің орнына көк, қызыл, сары түстерді ұсынады.
Меланхолик. Бұлар көптеген жайтқа секеммен қарайды. Тұйық. Болмашы нәрсені (әзілді де) көңіліне алып, өзіне айтылған ескертуге ренжіп, ұзақ уақыт сары уайымға салынып жүреді. Тез шешім қабылдай алмайды. Жақсы қасиеттері - жұрттың көңіліне қарап, әдеп сақтауы. Олар да флегматиктер сияқты тосын жаңалықтарды ұнатпайды. Және сырт келбеттеріне көңілі толмайды.
Меланхоликтер негізінен, талғамы жоғары, шығармашылық тұлға болғандықтан, сәнгерлер олардың табиғатына сәйкес желбіршек, бүрме сияқты детальдары бар романтикалық образды ұсынады. Алайда олар «мен мұндалап» тұрған түстегі киімдерді киюге қысылады. Оларды жұқа орамал, алқа, танамоншақ секілді аксессуарлармен алмастыруға болады. Сол кезде бойжеткен құлпырып сала береді. Әрі өзінің де ешкімнен кем емес әдемі ару екеніне көзі жетеді. Бұл жайт оны өз мақсатына жетуге мұрындық болады.
Сурет: Валентин, Арина Осинцевтер
Оқи отырыңыз:
Темпераментіңізге сай киіне аласыз ба?
Адам көркі – шүберек
Ақшаны үнемдей отырып қалай әдемі киінуге болады?
Соңғы сәнмен киіну неліктен ерсі көрінеді?