Тапшылық кезінде қандай заттар сәнге айналды?

Тапшылық кезінде қандай заттар сәнге айналды?
Фото: marieclaire.ru

Оптимистер кез келген дағдарыс — өсу нүктесі деп айтқанды жақсы көреді. Сән тарихы бұл пікірдің туралығын дәлелдейді. Дағдарыстық шарттар дизайнерлерді өнертапқыш болуға және  күтпеген қадамдарға баруға итермелейді. Бұл қадамдардың көпшілігі үлкен жаңалықтарға әкеледі. Қазір бізге үйреншікті заттардың көпшілігі тауарлық тапшылықтың себебінен пайда болған. Олардың сәтті болғаны соншалық, олардан берекелі уақыттың өзінде бас тартқан жоқ. Жарқын мысалдарды ұсынамыз.

Бижутерия

Бижутерия бізге үйреншікті түрде XIX ғасырда пайда болды: Зергер Жорж Фредерик Страсс бедерлеуден кейін гауһар тастың мөлдірлігі мен жалтырына ұқсайтын калий әйнегін алу технологиясын ойлап тапты. Кейінірек бұл өнертабысты Страстың атына — страза деп атайды. Технологияны чех инженері Даниэль Сваровски жетілдірді. Ол сутасты тегістеп ажарлайтын машина ойлап тапты. Онымен түрлері нағыз гауһарға ұқсайтын тастар алуға болатын. Алайда бижутериялар ұлы тоқырау кезінде — 30-жылдары танылды. Осы кезде сәнқойлар қымбат материалдарды алмастыратын зат іздеді. Оларға бұл сұрақтың шешімін табуға Габриэль Шанель көмектесті. Габриэль Шанель — бижутерияны нағыз асыл тастармен бір қатарға қойған алғашқы дизайнерлердің бірі. Ол бижутерияны сәнді әрі қалаулы етті. «Алтынды бижутерия таға білмейтіндер киеді», — дизайнердің бұл сөзі сән бағытын алдын ала анықтап қойғандай.

Сыдырма ілгек

Қазір шалбарлар мен белдемшелерден бастап аяқ киімдер мен сыртқы киімдерге дейін барлық киімде болатын бізге үйреншікті элемент — сыдырма ілгекті жұрт бірден қабылдай қойған жоқ. Заманауи сыдырма ілгектің алғашқы прототипі 1851 жылы пайда болды: тігін машинасын ойлап тапқан Элиас Хоу «киімге арналған автоматты үздіксіз ілгекті» патенттеп алды. Алайда бұл механизм жетілмеген болды, жиі сынатын және көпшілікке ыңғайсыз көрінді. Оған қоса, Элиас Хоудың өзі өнертабысын танытуға тырысқан жоқ. Сыдырма ілгекті жетілдіруге шамамен 90 жылдай кетті. Бұл процесті дағдарыс жылдамдатты: бірінші дүниежүзілік соғыс және ұлы тоқырау жылдарында бірыңғай формалы киімдерді тігуге ыңғайлы, жылдам әрі арзан шешім қажет болды. Осы мақсатта сыдырма ілгек дәл келді. Оған қоса, ол жылдары ілгектер қымбаттап кетті және тапшы тауарға айналды. Сондықтан жаңа технологияға сән дизайнерлері де мән бере бастады. Сыдырма ілгекті алғашқы дизайнерлердің бірі болып Эльза Скиапарелли киімдеріне қолданып көрді. Кейін басқа әріптестері де оны белсенді пайдалана бастады. Қазір біздің гардеробтағы киімдерді сыдырма ілгексіз елестетудің өзі қиын.

Тоқыма (текстиль) сөмке

Қазір кенеп сөмкелер барлық дерлік сән брендтерінің топтамаларында бар. Ал, мысалы, Gucci мен Louis Vuitton үшін бұл материал визит картасына айналды. Бірақ оны сәнді еткен дағдарыс екенін көпшілік біле бермейді. 30-жылдардың соңына қарай Италия екінші дүниежүзілікке қосылды. Еуропаның басқа елдері оған экономикалық санкция жариялап, бұл елге жеке тауарлар мен материалдарды әкелуге тыйым салды. Нәтижесінде, былғары тері тапшылығы орын алды. Оны бірдеңемен ауыстыру керек болды. Gucci негізін қалаушы Гуччио Гуччи оның шешімін тапты. Ол әйелдер сөмкесі мен жолжүкті кенептен тікті де, оларды ромб пішініндегі айқыш-ұйқыш принтпен безендірді. Бұл аксессуарлардың танымал болғаны соншалық, оларды дағдарыс аяқталған соң да өндіре берді. Осылайша, қымбат былғары тері секілді қарапайым текстиль материалдар да аксессуарлар өндірісі үшін маңызды бола түсті.

Тәнкетке аяқ киімі

Сол жылдары Италияда тәнкетке аяқ киімдері де пайда болды. Оның себебі — тағы да тапшылық. Аяқ киімге жарамды барлық материалдарды мемлекет меншігіне алғандықтан, аяқ киім тігушілер тәжірибе жасауға мәжбүр болды. Олардың ішінде ең өнертапқыш Сальваторе Феррагамо болды. Ол аяқ киім табанын арзан әрі қолжетімді тығыннан жасауды ойлап тапты. Жұмсақ әрі икемді материал жаңа пішіндер ойлап табуға жарамды болып шықты. Осылайша, тақа мен жай табан арасындағы гибрид ретінде тәңкетке пайда болды. Бұл өнертабыс сәтті болып шығып, ол сол жылдардағы ауыртпалық аяқталған соң да кең қолданыста қалды.

А. Жапатова