Таңдаған киіміңіз сіз туралы ақпарат бере ме?

Жұрттың сізге деген көзқарасы қандай? Қызметіңізде тасыңыз өрге домалап тұр ма? Егер солай болса, біз оған қуаныштымыз. Ал керісінше болса ше? Оған кім кінәлі?

Сіз бір мезгіл отырып, өзіңіздің жүріс-тұрысыңызды, қимыл-қозғалысыңызды, жұртпен қарым-қатынасыңызды көзге елестетіп көріңіз. Сіз өте қарапайым жан болсаңыз, киіміңіз де қарапайым (кэжуал стилі), ұстанымыңыз да «жұрт қатарлы күн кешу» болса, бүгінгі әңгімеміз сізге арналады.

Кэжуал (casual) стилі – тек біздің елімізде ғана емес, өзге елдерде де өте танымал, кең тараған стильдердің бірі. Бұл стиль өзінің қолжетімділігімен, ыңғайлылығымен ерекшеленеді. Сондықтан оны бала-шаға да, жастар да, ересектер де ұстанады. Dress code талап етілмейтін оқу орнында немесе жұмыс орнында адамдар осы стильдің қарапайым түрін ұстанғанды қолайлы көреді.

Әрине қарапайымдылық жақсы-ақ, (менмен, тәкаппар адам ешкіммен тіл табыса алмайды) алайда мұның астарында не жатыр? Неге жарқырап киініп жүрмеске?! Ойланып көріңізші, сіз неден қысыласыз?

Жақсы қызметтік мансапты, жалақысы жоғары жұмысты көксемейтін адамдар кемде-кем десек, қателеспейміз. Алайда қарапайым киім киіп жүріп, қалай биік мақсаттарға жетуге болады? Әрине, жұрттың киіміне қарап қарсы алып, ақылыңа қарап шығарып салып жататыны да жасырын емес. Дегенмен «адам көркі – шүберек» демекші, сәнді де жарасымды киінген жан жұртты өзіне тарта біледі. Ол айналасындағыларға «Мен жақсы нәрсеге лайықпын!» деген ой тастайды. Олар да осыған байланысты қарым-қатынас жасайды.

Сондықтан алдымен киіну стиліңізді өзгертіңіз. Кэжуал стилінің қарапайым түрімен қатар іскерлік (business casual) және әсемдік кэжуал (smart casual) дейтін түрлері бар екені қаперіңізде жүрсін.

Business Casual стилі

Smart Casual стилі

Сәнді киім өзіңізге көтеріңкі көңіл-күймен бірге бедел де сыйлайтынын ұмытпаңыз.  

Сурет: content.ru