Танамоншақ тағудың бірнеше ұтымды нұсқасы

Танамоншақтар ешқашан сәннен шыққан емес және әрдайым өзекті. Әлемдік танымал жұлдыздар танамоншақтың түр-түрін пайдаланып, бейнелерін кербездікпен және жинақылықпен қамтамасыз етеді. Алайда бірнеше әшекейлермен үйлестіріп, танамоншақтың сәнін кетіріп алу да ғажап емес Сондықтан танамоншақты дұрыс тағуды үйрететін қарапайым ережелерді мұқият ұстаныңыз.

Қай жерге тағу керек?

Танамоншақ жарасымды көріну үшін оның орналасқан орны өте маңызды. Кейбір блузкалардың жағасының ортасында орналасқан танамоншақ еленбей қалады. Бірақ түймелі жейдеге жарасатын кездері де болады. Егер танамоншақты жағаға таққыңыз келмесе, оны шарфқа немесе көйлектің белдігіне тағу ұсынылады. Бұл бейнеңізді ерекшелеп, нәзіктігіңізді арттырады. Гардеробтың басқа киімдері танамоншақты тек бір жаққа ғана тағуға мұрсат береді.

Сырт киімге

Пиджактың немесе пальтоның қайырма жағасына түйрелген танамоншақ өте ұтымды көрінеді, дегенмен пропорцияны сақтау керек. Кішкентай қайырма жағаларға көлемді әшекейлер жарамайды, ал кішкентай танамоншақ кең жағада көрінбей қалады. Белдіктің айылбасын алмастыра алатындай болса, танамоншақты пальтоның белдігіне тағып алуға болады.

Блузкаға

Түймелі блузка болмаса, басқа жағдайда танамоншақты ортасына емес, шетіне таққан жөн. Кішкентай танамоншақтарды жағаның бастапқы тұсына түйреуге болады. Танамоншақтарды жемпірдің үстіңгі жағына орналастырып немесе асимметриялық кардигандарға тағуға да болады.

Нәзік матадан тігілген киімдерге

Көптеген әйелдер танамоншақ матаны бүлдіреді деп тақпайды, әсіресе бұл қымбат мата болса. Бұл мәселені эпоксид желімі, ацетон, 2-4 кішкентай магнит және шаш қысқыш арқылы шешуге болады. Танамоншақтан түйреуішті алып тастап, бетін ацетонмен сүртіңіз. Кейін бір магнитті танамоншақтың артына желіммен жабыстырыңыз. Желім кепкенде әшекейді киімге тағуға болады. Кішкентай әшекейлер киімнің ішіне тағылған магнитке жақсы жабысады. Ал ірі әшекейлерді бір-біріне шаш қысқыш арқылы байланысқан екі магнитке жабыстыру керек. Енді сіз сүйікті блузкаңызды бүлдіріп аламын деп қорықпай, танамоншақпен безендіре аласыз.

Сөмкеге

Танамоншақ сөмкенің сәнін келтіре алады. Оны үлкен сөмкелерге де, клатчтарға да жабыстыруға болады. Әсіресе танамоншақтар кешкі сөмкелерге жақсы жарасады. Олар көйлектің реңкімен үйлесе алады немесе, керісінше, бейнеңіздің жарқын екпіні бола алады. Танамоншақтың арқасында қарапайым клатчтың өзі салтанатты бұйымға айналады.

Алқа танамоншақтар

Блузканың екі жағасына бекітілетін алқа тәріздес танамоншақтар сәнқой қыздардың назарынан тыс қалмады. Олардың бүгінде түр-түрін кездестіруге болады. Бір жағынан танамоншақ, екінші жағынан алқа рөлін атқаратын бұл әшекей бейнені ашуға таптырмас құрал екені анық. 

Шашқа

Танамоншақтың түріне байланысты ол кешкі шаш сәнінің бір бөлшегі немесе күнделікті бейнеңізді ашатын аксессуар бола алады. Ол үшін түйреуіштің орнына шаш қыстырғышты силикон желім арқылы танамоншаққа жабыстырып қойсаңыз жеткілікті. Танамоншақ салтанатты шаш үлгілеріне көбірек жарасады. Бірақ күнделікті шаш үлгісіне де үйлесетіндей етіп жасауға болады.

Қосымша

 

Егер сіз кеуде ойығы терең көйлек киген болсаңыз, танамоншақты ойықтың ең түбіне тағып алсаңыз болады. Шарфты иығыңызға орап, оны танамоншақпен бекітіп қойыңыз – бұл деталь бейнеңізді бірден ерекшелендіреді. Екі бірдей танамоншақты жай табан аяқ киімге тағып алсаңыз болады. Бұл киіміңізді бірден жаңартып жібереді. Кербез бейне қалыптастыру үшін танамоншақты қалпаққа тағып алу ұсынылады. Бұл әшекей белдікті де түрлендіре алатын қасиетке ие.

 

Танамоншақ – бұл сәнді және әдемі аксессуар ғана емес. Егер киімнің ілгегі бүлініп қалса немесе түймесі үзіліп кетсе осы аксессуардың көмегіне жүгіне аласыз. Сол себепті сөмкеңізге бір, тіпті екі танамоншақ салып алып жүрсеңіз артық болмайды. 

Сурет: www.bridalguide.com

Дайындаған: Анар Мұстафина