Сұр түсті пальтоны мәңгілік қартаймайтын классикаға жатқызуға болады. Мұндай пальто әдемі, стильді көрінеді және әрдайым солай болып қала береді. Сәнгер мамандар оны кешкілік кездесуге, жұмысқа, іскерлік кездесуге киіп баруға болатындығын айтады. Бар болғаны оны мойынорағыш, белдік, сөмке сынды аксессуарлармен толықтыру қажет. Мұнымен қатар, сұр түс кез келген түспен үйлеседі әрі оның әртүрлі реңкі бар. Сол реңктерінің ішінен өзіңізге сай келетін түрін таңдай аласыз. Ал сұр түсті пальтоны төмендегідей киімдермен үйлестіруіңізге болады.
Джинс жейдені Коко Шанельдің кішкене қара көйлегімен қатар қоюға болады. Бірақ оны кез келген жерге, кез келген киіммен үйлестіріп кие аламыз. Қиялымызға ерік берсек, джинс жейдені гламур, кантри, рок, кэжуал, милитари және сафари стиліндегі киімдермен үйлестіреміз.
Сән әлемінде қандай өзгеріс болса да, ақ шалбарлар мәңгілік сән болып қала береді. Ол әйгілі дизайнерлердің топтамасында болсын, болмасын жинақы әрі әдемі көрінеді.
Кей сәнгер осы күз-қыс маусымдарында ақ шалбардың сәнде екендігін айтады. Оның аппақ түсіне қарамастан, әмбебап киімдердің қатарына жатқызуға болады. Себебі жұмысқа да, кешкілік кездесуге де, табиғат аясындағы серуенге де киіп барсаңыз, артық болмайды.
Ақ шалбардың көмегімен қызықты образдар құрастыруға болады. Егер гүлді принті бар джинс жейдемен кисек, романтикалық образ құрастырамыз. Ал кішкене ғана ақ сөмке оны толықтыра түседі.
Ақ түс адамды толық етіп көрсететіндіктен, оны арық қыздар ғана кигені жөн.
Күнделікті көп жүретіндіктен, аяғымыз шаршайды. Сондықтан суреттегідей образды оксфордпен немесе қарапайым балеткамен, күннің суық екенін ескеріп, челси етігімен алмастыруыңызға болады.