Бет-әлпетіңізді хирург дәрігерлердің көмегінсіз өзгертуге болады. Ол үшін бояулардың көмегімен түзету техникасын меңгерсеңіз болғаны. Назарларыңызға дөңгелек бет пішінін сопақша етіп, осы секілді мұрынды қырландырып көрсетуге көмектесетін кеңестер ұсынамыз.
Жарық пен көлеңке
Арнайы уақытыңызды бөліп, сәнді бренд компаниялардың жарнамаларына түскен сәнбике қыздарға назар аударыңыз. Сәнбикелердің сопақша беті, қыр мұрыны, шеттері айқындалған көздері, асты мен үсті тең үйлескен еріндері сынды ортақ ерекшеліктері бар. Бұның барлығы табиғи сұлулық немесе косметологтар секілді арнайы мамандардың арқасы деп айту қиын. Жоғарыда аталған бар еңбек визажист мамандарға тиесілі.
Түзету техникасын меңгере отырып, бет-әлпетіңізге үйлеспейтін жерлерді жасыруға болады. Мысалы, толыңқы беттер мен ұзын мұрынды жасыру. Бетіңізді арықтатып, жақ сүйектеріңізді көрсету, еріндеріңіздің көлемін ұлғайту, көздеріңізді айқындау үшін ақшыл және керісінше күңгірт реңкті тағы бір түс қажет болады. Қажетсіз аймақтарды кішірейту үшін күңгірт түсті косметиканы пайдаланамыз. Ал еріндердің көлемін ұлғайту үшін «блик» әсері қолданылады.
Түзету техникасын жүзеге асыру үшін шағын немесе кремді косметикалар қолданылады. Оларды теріге сәйкес таңдай білу керек. Беттің майда әжімдерін айқындайтындықтан, құрғақ әрі жасы үлкен адамдардың терісіне шағын опалар жарамайды. Ал майлы беттердегі крем косметикалар еріп кетуі мүмкін.
Шейдинг
Мамандар терінің түсін күңгірттендіріп, әр түрлі бөліктерді кішірейтуге арналған құралдарды шейдинг (shade ағылшынша – көлеңке) деп атайды. Таза бет жалпақ болып көрінетіндіктен, бұл құралдар бедер түзу үшін пайдаланылады. Бет-әлпетті театрға немесе киноға барған кезде ғана осылайша бояуға болады. Ал күнделікті өмірде бұлайша сәндену орынсыз. Сол себепті құралдардың түсі теріден екі реңкке ғана күңгірттеу таңдалғаны жөн.
Түзету техникасын орындамаған жағдайда беттегі бояулар сызғыштың көмегімен сызылғандай болып көрінеді. Ал сәтті бояну әрдайым көпшіліктің ықыласына бөленіп, өзгелерді қызықтыруға тиіс.
Көлеңкелеуге арналған классикалық аймақтар:
1. Беттің шашқа жақын аймағы
2. Маңдайдың екі шеті
3. Орбитальды сүйектер (қас пен көздің арасы)
4. Мұрын желбезектері
5. Жақ сүйек аймағы
6. Иек
7. Мойынның екі шеті
Не қажет?
Күнделікті қолданатын опа мен реңк беруші кремнен бір немесе екі реңкке күңгірттеу косметикалық құралдар. Мұнымен қатар, қоңыр түсті еңліктерді пайдалануға болады. Кез келген бояу күңгірт түсті болғаны жөн. (Макияж табиғи болып көрінуі үшін құрамында жылтыры бар косметикадан аулақ болған дұрыс). Шағын косметикалық құралдарды табиғи қылшақтардан жасалған бояу жаққыштардың көмегімен жағады. Ал реңк беруші кремді саусақтармен жағуға болады.
Түзету техникасы
Бет сопақ болып көріну үшін жақ сүйектің үстін ұзындық бойынша бояңыз. Ойдағыдай шықпаған аймақтарға шейдинг жағыңыз. Ағарып қалған жерлерді сызықтап қарайтуды ұмытпаңыз.
Бетіңіздің пішіні дөңгелек болса, құлақ сырғалығыңыздың төменгі жағын косметика көмегімен қарайтыңыз. Бұл мойынды ұзын етіп көрсетуге көмектеседі. Ал мұрынға қыр беру үшін екі шетіне шейдинг жасаңыз. Яғни, күңгірт түсті опамен немесе реңк беруші құралмен бояңыз. Керісінше ұзын мұрындардың көз аралығындағы қыры мен ұшына күңгір түсті косметика жағыңыз.
Хайлайтер
Бетті ағартуға арналған құралдардың барлығын хайлайтер деп атаймыз. (Ағылшынша high – биік және light – жарық). Ақшыл түсті бояулар қажет аймақтардың көлемін ұлғайтып, көтеріңкі етіп көрсетуге көмектеседі.
Ағартуға болатын классикалық аймақтар:
1. Маңдайдың ортасы
2. Мұрынның екі көз аралығындағы қыры
3. Қастың төменгі бөлігінде доға
4. Көздің ішкі қыры
5. Жақ сүйектер
6. Әжімдердің үсті
7. Мұрын мен еріннің ортасындағы аймақ
8. Еріннің ортасы, еріннің екі шеті, үстіңгі ерін
9. Иек
10. Бұғана
Не қажет?
Реңк беруші кремдер мен опалармен бірге еңілік пен көз бояулары пайдаланылады. Хайлайтерлерді терінің ашық реңкіне сәйкес таңдаған жөн. Таңдалған хайлайтерлер ақ әрі алтын түсті болуы мүмкін.
Түзету техникасы
Бетті сопақша етіп көрсету үшін хайлайтерлерді маңдайдың ортасына, иектің ортаңғы бөлігіне, еріннің ішкі аймағына жағыңыз. Тік сызықтар беттің жалпақтығын жасырады. Жақ сүйектерді айқындау үшін, қастың төменгі бөлігіне хайлайтер әсерін пайдаланыңыз.
Көзде анық көрінетін доғалар «қатаң» көрінуге көмектеседі. Артынша қабағыңызды шытып, қасыңыз көп орналасқан аймаққа хайлайтер жағыңыз. Ал мұрын ұзындығын кішірейту үшін екі көз ортасынан бастап, ұшына дейін хайлайтер орналастырыңыз.
Еңлік
Еңліктер жүзімізге балғындық сыйлайды. Еңлік пен өзге бояуды жаққан соң, бір-біріне сіңдіріп отыруды ұмытпаған жөн.
Ақ терілі адамдарға шабдалы, ақшыл күлгін, ал қара торы адамдарға өрік, бал, қола, қызғылт, таңқурай, фуксия түстілерін таңдаған жөн. Өзіңізге лайық түсті таңдау үшін, бетіңізді ақырын ғана шымшысаңыз болады. Табиғи түсіңізге сай келетін еңілікті жақ сүйектеріңізге, ал ашық түстісін бетіңіздің ұшына жағыңыз.
Визажист мамандар түстерді бір-бірімен араластырудың орнына бірнеше қабат етіп жағуды ұсынады.
Түзету техникасы
Бетіңіз сопақ болған жағдайда еңілікті бетіңіздің ұшына жақсаңыз жеткілікті.
Жоғарыдағы түзету техникасы кез келген бетке сәйкес келе бермейді. Ол әр адамның ерекшелігіне байланысты.
Түзету техникасының басты құпиясы
1. Екі бояудың аралығын сіңдіріп отыру. Осыны орындаған жағдайда ғана макияж табиғи әсерге ие болады.
2. Бірінші хайлайтер, екінші шейдинг орындалады.
3. Хайлайтер мен шейдингтің аралығы алыс болуын қамтамасыз ету керек.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: gorod.tomsk.ru