Достоевскийдің «Сұлулық әлемді құтқарады» деген тәмсілі қай басылымда болмасын жарқ етіп бір көрініп қалып жатады. Бірақ оны кім, қалай түсініп жатқанын кім білсін...
Біреулер бұл сөздің өнер мен әйел адамның сұлулығына тәнті болғандығынан айтқан дегенге келіседі. Ақиқатын айтсақ, бұл сұраққа жауап іздеудің өзі қате. Себебі Достоевский бұлай деген жоқ. Мұны жап-жас бозбала Ипполит Тереньтевтің аузынан Николай Иволгин Мышкин князы біреуге ғашық болып қалыпты деген сөзін астыртын түрде осылай жеткізген. «Идиот» туындысы авторының біреуге айтқызған сөзінде қандай мән бар деп, біз енді болжамдар орманына кірмей-ақ қоялық.
Бірақ сұлулық пен өнердің өмірімізге нендей әсер бергенін айтып өту ләзім. Мұнда да атақты қанатты сөздің пәлсапалық ой-идеясын ысырып қойып, қарабайыр түсінікпен жеткізіп көрейік. Бұл сөз адамның қоршаған ортаны қабылдауын түсіндіреді.
Шетелдік психологтардың зерттеулері бойынша, физикалық сұлу адамдар өзгелерге қарағанда жақсы өмір сүреді екен. Тіпті әп-әдемі сүйкімді балалар мен қыздар балабақша жасында-ақ сұлулығының арқасында абыройға ие бола бастайды. Ғалымдар мұны түсіндіруде бірнеше болжамға барады. Сұлулыққа деген сүйіспеншілік тіпті біздің тұқымымызда да болуы мүмкін.
Егер дәл осы болжамға сенер болсақ, неліктен әрбір халықта немесе әрбір дәуірде сұлулық өзгеше өлшеммен есептелді? Дж.Хоманс есімді психолог «Біз адамға ненің сүйкімді болып көрінетініне қарағанда, балықтарға не сүйкімді болып көрінетінін жақсы біле аламыз» дейді. Көптеген уақыттан бергі зерттеулердің нәтижесі бойынша, ер адамдарға қатысты сұлулық өлшемі оның бойының биіктігі мен мускулатурасының дамуы бірінші кезекте екен. Ал әйелдерге қатысты сұлулық өлшемі жайлы айтсақ, әңгіме арыдан болар. Ең сұлу ару таңдалған кезде оған оғаш қарайтынымыз да дәл осы күрделі талғампаздықтың кесірінен шығар, бәлкім. Бірақ сұлулықтың тек пайдалы жақтары бар деуге асықпайық. Себебі өте сұлу адаммен байланыс жасау, қарым-қатынасқа түсу қиынның-қиыны екенін әрбір оқырман іштей біліп отыр.
Психологияда адамның сұлулыққа ұмтылысын түсіндіретін тағы бір болжам бар. Ол былай – егер адам сұлу адаммен байланысқа түссе, онда ол өзінің де өзгелер алдында сұлу болып көрінетінін сезінеді дегенге келеді. Сұлу адаммен қарым-қатынасқа түскен адам өзіне деген бағасын да өсіреді екен. Жүргізілген сауалнама бойынша, әйел адамдардың төрттен үш бөлігі дене сымбаты дамыған, бет кескіні әдемі болғанын қалайды, ал қалғандары қазіргі жағдайына қанағаттанады. Ал ер адамдардың екіден бір бөлігі дене бітімін өзгерткісі келеді-мыс.
Ең қызығы, адамдар сұлулыққа байланысты (оны қабылдауға байланысты) екі топқа жарылады-мыс. Оның біріншісі сұлу адамның мінезі де жақсы болады деп ойласа, екіншісі сұлу адам қырсық болады деген ойға беріледі.
Соңғы аргументті ұсынып көрелік. Психологтар қызықты зерттеу жасапты. Дене бітімі әрқандай адамдарды суретке түсіріп, екінші топқа ең сұлу делінген адамдарды таңдауын бұйырған. Сонда таңдалмай қалған сурет болмапты. Бұл нені көрсетеді? Әрине, бұл көрсеткіш адамның барлығы да әдемі екенін айғақтайды.
Дәл осы жағдайға қазақтың біртуар тұлғасы Балуан Шолақ пен оның жары Ғалияның мысалын келтіруге әбден болады.
Бірде атақты Қажымұқан балуанның әкесі о дүниелік болып, елге келген екен. Оның қайғысына сері Шолақ та ортақтасып, «Арты қайырлы болсын» айта барыпты. Сонда Қажымұқан: «Аға, маған аңызға айналған Ғалия сұлуды көрсетіңізші» деп інілік өтінішін білдіреді. Сонда Шолақ әлемге танымал палуанды Атбасардағы қымызханаға ертіп келеді. Қымызхана қызметкерлері даңқы шыққан екі палуанды оңаша үйге түсіріп, қадірлеп күтеді. Ол кезде талдырмаш бір келіншек барлық қызметті өзі жасап жүрсе керек.
Дәмді сыбаға желініп, бал қымыз ішіліп болған соң, Балуан әдетінше үкілі домбырасын қолған алып, ән шырқай бастайды. Уақыт өтіп бара жатқан соң, Қажымұқан шыдамсыздық танытып:
- Балуан аға, әлгі Ғалияңыз қайда? – дейді. Сері Шолақ мырс етеді де:
- Бәтшағар-ау, әлгі қызмет көрсетіп жүрген Ғалия емес пе? – деп сылқылдап күліп жібереді.
Еуропаның князьдары мен дворяндарының ұйымдастырған балдарында, Шығыстың сұлтандары мен бекзадалары жасаған сауық-сайрандарда таңдай қақтырарлық сұлуларды көріп жүрген Қажымұқан әлгі секпіл бет келіншекті жақтыртпай:
- Ондай әзілдеріңізді қойсаңызшы. Елдің еркесі, даланың серісі сондай әйелге ғашық бола ма? – депті. Сонда Балуан:
- Пәлі-ау, сен оған менің көзіммен қарасайшы, - деген көрінеді.
P.S. «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» (с)
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: womaninblog.ru