- Негізгі бет
- Сән
- Су перілері шеруге...
Су перілері шеруге шыққан күн
Париждегі сән апталығы — 1973 жылдан бері өткізіліп келе жатқан 4 сән апталығының ішіндегі ең соңғы және ең маңыздысы. Сән өндірісіндегі ең беделді оқиға жылына 2 рет өткізіліп отырады — наурыз айының басында және қыркүйектің аяғы мен қазанның басында. Дәл осы уақытта ең атақты сән үйлері киім топтамаларының көрсетілімі өтеді — Chanel, Christian Dior, Louis Vuitton, Balmain, Chloé, Nina Ricci, Lanvin, Balenciaga және басқа да.
Париждегі сән апталығы — fashion-өндіріс саласында кең көлемде өткізілетін шара болғанымен қоймай, шоу-бизнес өкілдері жиналып, түрлі брендтер ұйымдастыруымен кештер де өткізілетін жылдың маңызды оқиғасы.
Сондай брендтердің бірегейі Alexander McQueen сән үйінің жаңа топтамасын креативті директор Сара Бертон Шотландияның солтүстік-шығысында орналасқан Шетланд аралдарының табиғаты мен дәстүрлеріне арнады. Топтамадағы барлық киімдерді безендірген кестелер мен аппликацияларда сол өңірде өсетін жабайы гүлдер бейнеленген. Көйлектерден бастап аяқ киімдерге дейін табиғи реңктегі керемет шілтерлер өрілген. Ал, жемпірлерде тоқылған жарқын геометриялық принттер көздің жауын алады.
Панк эстетикаға тән былғары жейделер нәзік өрнектермен әрленген шілтерлі және шифон көйлектердің әдемілігіне ерекше әсер беріп тұрғандай.
“Күлше қыз” ертегісін еске салған Принц Уильям мен Кейт Миддлтонның тойына арнайы тіккен көйлегімен көпшіліктің көкейінде қалған Сара бұл топтамасында төл матадан тігілген теңіз түсті көйлектерді күміспен кестелеу арқылы жиналған көрерменді тағы да ертегіге сенуге жетеледі. Көрсетілім соңыңда Сараның ғажайып көйлектерінде қаз-қатар тізіле шыққанда құдды су перілерінің шеруін тамашалағандай әсерде қаласың.
Қызықтыңыз ба? Ендеше, Сара айтқан ертегіні бірге тыңдайық, оқырман!
А. Оралқызы