Соңғы сәнмен киіну неліктен ерсі көрінеді?

Бойжеткендердің көбісі Голливуд жұлдыздарына еліктейді, солар секілді әдемі киініп жүруді армандайды. Әрине олардың жасына, көзқарасына, мақсат-мұраттарына сай бұны да түсінуге болады. Дегенмен соңғы сәнмен киінетін бикештердің сырт көрінісі кейде ерсі көрінеді.

Неліктен?

Біріншіден, дене бітіміне сай емес. Әрбір бойжеткен өз дене бітімінің ерекшелігін, оның қандай пішінге жататынын жақсы білуге тиіс. Киімді дұрыс таңдау арқылы өз кемшіліктерін бүркемелеп, сымбаттылығын көрсете білуге дағдыланған жөн. Мысалы, белі жалпақ белдікпен қыналған көйлектер, «галифе», «сигарет» шалбарлар, «фонарь», «жарғанат» жеңді блузалар, угги етіктер, т.б. киімдер өкінішке орай, көп қыздарға жараса бермейді. Сондықтан, өз стиліңізді қалыптастырғаныңыз абзал.

Екіншіден, жасына лайықсыз. Кейбір қыздардың не үлкен пішімді, не тым кішкентай пішімді көйлектерді киіп жүрген байқаймыз. Әсіресе 12 жасқа дейінгі қыз балаларға арналған Барби стиліндегі желбіршекті қызғылт көйлекпен жұмысқа кетіп бара жатқан аруларды жиі байқап қаламыз. Бұл қыздардың балалық шағымен әлі қоштаспағанын, жасына сай отбасын құруға, ана болуға әлі дайын емес екенін аңғаруға болады.

Үшіншіден, арзанқол матадан тігілген киімдер трендте болса да, матасының, тігілуінің сапасы төмен болуы. Сол себепті, біреу болса да бірегей киім алуға ұмтылғаныңыз дұрыс сияқты.

Ендеше, сәнмен киінсеңіз де мәнмен киініңіз!

Сурет: Наталья Бугрова

Оқи отырыңыз:

Сұлу да сымбатты көрінудің жолдары #3

Сұлу да сымбатты көрінудің жолдары #2

Сұлу да сымбатты көрінудің жолдары #1