Сөмкеге құмар сәнқой қыздар оларды сақтау үшін туындайтын қиындықтарды жақсы біледі. Сөмкені қалай сақтаған дұрыс?
Бөлек гардероб бөлмесі, үлкен, жарық сөрелер – әр арудың арманы. Жанға жайлылық сыйлайтын мұндай бөлме бәрімізде бола бермейді. Бар заттарымызды қарапайым, кішкентай сөрелерге сыйдыруға тура келеді. Әсіресе көп орын алатын сөмкелер мәселені қиындатады.
Назарларыңызда сөмкелерді сақтауға арналған кеңестер, айла-амалдар және сөмкені құртып алмау үшін оны сақтаудың басты ережелері:
Жұмсақ сөмке орын алмайды, бүктеп не бірінің үстіне бірін сақтай беруге болады деген пікір қате. Сөмкенің пішіні өзгермеу үшін оның ішіне міндетті түрде қағаз, газет, мата салып, толтыру керек. Әрине сөмкені бүктеуге болмайды. Мәселені шешу үшін кейбір айла-амалдар қолдануға болады. Мысалға үлкен сөмкенің ішіне кіші қол сөмкелерін, немесе пішінін жақсы ұстайтын клатч салып қойыңыз.
Сөмкені кір мен шаң-тозаңнан сақтау мақсатымен оны полиэтиленді пакетке орамаңыз. Бұл сөмке түсінің өзгеруіне алып келуі мүмкін. Одан да сөмкені мата дорбада не қорапта сақтауды әдетке айналдырыңыз.
Сөмкені жылу көздерінен алшақ сақтаған жөн.
Түрлі-түсті сөмкелер бір-біріне жанасып тұрса, уақыт өте түстері бір-біріне сіңе алатындығын есте сақтаңыз.
Сөмкені іліп сақтау жақсы шешім сияқты көрінеді, алайда сөмкенің ұстайтын сабының терісі бұзылып, жарықтар пайда болуы мүмкін.
Осы ережелер мен ескертулерді есепке ала отырып, сөмкені сақтаудың ең дұрыс жолдарын қарастырайық.
Егер сіздің бөлмеңізде есігі жоқ сөрелер болса, сөмкелерді солардың ішіне қоюға болады. Бұл кеңес әсіресе қатты, өз пішінін ұстайтын сөмкелерге қатысты. Әдемі қойылған сөмкелер бөлмеңізге ерекшелік беріп, сәндеп тұрады.
Сөмкелеріңізді маусымдарға қарай іріктеңіз. Қыста жазғы сөмкелерді мата дорбаларға орап, қораптарға салып, алыс сөрелерге, не сөренің үстіне алып қоюға болады. Тағы да бір жақсы шешім: маусымға сай келмейтін сөмкелерді үлкен жол сандыққа салып қойыңыз.
Сөредегі орынды үнемдеу үшін сөмкелерді ілуге де болады. Бұл кеңес сабы берік, қалың сөмкелерге қатысты. Арнайы ілгіштердің орнына перде ілмектерін де қолдана аласыз.
Сөмкелеріңізді сөре не бөлме есігінің ар жағына арнайы бекітілген ілмектерге іліп қою да өте ыңғайлы. Ал есік бойымен бекітілген қарапайым ескі белдікке бірнеше сөмке қатарынан іле аласыз.
Әдемі, ерекше, салтанатты сөмкелеріңізді сөрелерге емес, бөлмеңізді сәндеу үшін мысалы қабырғаның бос жеріне шегелер қағып, іліп қойыңыз. Немесе кіші сөмкелерді кітап сөресіне кітаптар арасына қоюға да болады. Сәнді әрі өте ыңғайлы.
Арнайы сөмкеге орын бөле алмасаңыз, оны киім сөресінде ілініп тұрған киімдердің астына салыңыз. Бұнда да оларды бірінің ішіне бірін салған дұрыс.
Жылжымалы суырма, диванның астындағы арнайы бөлім де сөмкелердің орнына айнала алмақ.
Бастысы сөмкелеріңізге қажетті күтім көрсетіп, оларды тазалап, жуып, құрғатып жүріңіз. Әр маусымда бірнеше сөмке ұстаңыз, сонда олардың ешқайсысы тозып, жыртылмайды.