- Негізгі бет
- Сән
- Сөмке таңдау. Жігіттерге...
Сөмке таңдау. Жігіттерге кеңес
Соңғы жылдары жігіттердің арасында сөмке ұстағанды ұят санайтындары да кездесіп үлгерген. Біздің айтып тұрғанымыз әйелдер сөмкесі емес, жігіттерге арналған ерекше сөмкелер. Сөмке таңдау әйелдерге оңайға соғады, оның үстіне оларға арналған сөмкенің сан түрі бар. Олар түрлі жиынға арнап, сөмкені өз қалаулары бойынша сатып алып жатады. Дегенмен, жігіттер де әйелдерден қалыспайды, олар үшін де әр жағдайға арналған сөмкелер жасалған. Бұл жайлы кейбір жігіттердің үш ұйықтаса түсіне кіріп-шықпаған да шығар. Ерекше іскер болып көрінемін деген жігіттерге арналған арнайы кеңселік сөмкелер, портфельдер бар. Ал күнделікті қолданысқа кейбір жігіттер арқа қоржындарды (рюкзак) қолданады. Сөмке туралы біраз түсінік қалыптасу үшін сөмкелердің түрін бөліп қарастырып көрелік.
Іскер стилі:
Таңдау үлгілері өте көп кездесетін стильдің түрі портфельдер, кеңселік сөмкелер, іскер сөмкелер болып табылады. Суреттен көріп отырғаныңыздай, олардың түрлері байсалды, қалталары кішкентай әрі көп. Бұл стильге ноутбуктерді салуға арналған сөмкелерді де жатқызуға болады. Іскер стильдегі сөмкелердің негізгі қағидасы - сөмке А4 форматтағы белгілі бір қағаздар жиынтығы сыятындай болуы тиіс.
Күнделікті қолданыстағы сөмкелер:
Ұзақ жолға арналып жасалуы бұл сөмкелерге тән қасиет. Яғни тағуға ыңғайлы, мықты синтетикалық материалдардан жасалғаны үшін төзімді, кішкентай болып көрінсе де, көп зат сыйдыра алатын ерекшелігі бар сөмке. Барлық сөмкелердің иыққа асатын жібі бар. Темекі, кілт, құжаттар сияқты жігіттердің қалтасын толтырып, киімін ұсқынсыз етіп көрсететін заттарды еш қиындықсыз осы сөмкеңізге салып қоятын болсаңыз, өзіңізді ыңғайлы сезінесіз. Сөмкеңізді иығыңызға асынып алып, жүре бересіз.
Әмбебап арқа қоржындар:
Бұл сөмкенің түрі туралы ерекше сөз қозғауға болады. Көптеген жігіттер бұл сөмке түрін мектеп оқушыларына арналған деп ойлайды. Сіз де солай ойлаған болсаңыз, қателесесіз. Себебі, бұл тағып жүруге өте ыңғайлы сөмке болып табылады. Суреттен байқағаныңыздай, қолдарыңызды қалтаңызға салып алып, еркін жүрсеңіз болады. Сөмкеге ноутбуктен бастап, басқа да керек-жарақтарыңызды сыйдыра аласыз.
суреттер: menslist.ru, fingus.ru