- Негізгі бет
- Сән
- Сөмке мен аяқ...
Сөмке мен аяқ киім үйлесімі
Онжылдықтар бұрын сән әлемінде бәрі классиканы ұстануға тырысатын. Апаларымыз бен аналарымыз қара туфлимен тек қара сөмке, қоңыр етікпен тек қоңыр сөмке ұстайтын. Қазіргі жастар түстердің үйлесімін қатал ұстанбайды, керісінше заманауи әлемде ерекше болған сайын сәнді саналасың. Сөмке мен аяқ киім сынды аксессуарларды бір-біріне қалай үйлестіріп таңдау керек?
Бір түстегі сөмке мен аяқ киім
Көп ару қазір де осы қарапайым ережені ұстанады. Әрине бұл қағидаға сүйене отырып, өз гардеробыңызды жинақтастыру оңайырақ. Қара сөмке мен қара аяқ киім кез келген киіммен, стильмен жараса алатын заттар. Әрине олар көбінесе ресми кездесулерге көп баратын, кеңседе жұмыс істейтін қыздарда болады.
Сондай-ақ бір түстегі сөмке мен туфли ерекше бейнелер жасауды ұнататын қыздарға да керек. Мысалы көзге түсерлік, ерекше, жарқын түсті, ою немесе басқа да әшекейі бар көйлек, шалбар мен жейдені дәл сондай түрлі -түсті аяқ киіммен киюге болмайды. Бұл жағдайда бір түсті сөмке мен аяқ киім назарды өзіне аудармай, сәнді бейне жасауға көмектеседі. Керісінше, бір түсті небірдей суреті бар аяқ киім мен сөмке бүкіл бейнеңіздің ең сәнді тұсы бола алады.
Мұндай бейнелерден шаршасаңыз, келесіде аяқ киім мен сөмкені бір-біріне емес, киіміңізге қарай таңдаңыз. Мысалы жарқын түсті көйлекпен бейтарап түсті сөмке мен аксессуарлар жарасады, керісінше, қарапайым киімге ерекше сөмке таңдаңыз. Оюы, суреті бар көйлекке суретте бар түстің біріндей сөмке мен аяқ киім таңдасаңыз, бейнеңіз мінсіз болады. Көйлегіңіздің түсіне дәл келетін аяқ киім не сөмке көрсеңіз, ала жүріңіз. Бірақ екеуі қатарынан бірдей болмасын.
Түрлі-түсті аяқ киім мен сөмке
Бір бейнеде түрлі түстер мен маталарды, текстураларды үйлестіре білетін ару нағыз сәнқой атанбақ. Аксессуарлар, киім, туфли мен сөмкелерді ауыстыра отырып, өзіңіздің жеке стиліңізді ойластыра аласыз. Бірақ бұл нағыз жоғары талғам мен стиль сезінуді талап етеді. Сізге кішігірім көмек беру үшін мына кеңестерімізді даярладық.
- Аң не жылан терісінен тігілген немесе ұқсатып жасалынған сөмке не аяқ киімге сондай түсті, бірақ суреті жоқ аяқ киім не сөмке таңдаңыз. Ал екеуі де бірдей болуы оғаш көрінеді. Керісінше де дәл солай.
- Жарқын түсті аяқ киімге басқа жарқын түсті сөмке таңдаңыз. Ол түстің киіміңіздің бір бөлігінде қайталанғаны жөн.
- Классикалық түсті аяқ киімге дәл сондай түсті, бірақ басқа матадан тігілген сөмке жарасады. Мысалға қара былғары туфли мен күдері қара клатч, ақ мата сөмке мен аппақ былғары ашық аяқ киім жақсы үйлеседі.
- Лакталған аяқ киім мен лакталған сөмке бірге тым дөрекі көрінеді.
- Қара не ақ аяқ киімге кез келген жарқын түсті сөмке үйлеседі, ал қоңыр туфлиге ашық түсті кез келген сөмке жараса алады.
- Суреті, ою-өрнегі бар аяқ киімге сол суреттегі түстердің біріндей сөмке таңдаңыз.
Ал сіз сөмке мен аяқ киімді қалай үйлестіресіз?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: wmj.ru
С. А