- Негізгі бет
- Сән
- Снуд – нағыз...
Снуд – нағыз қыстық аксессуар
Снуд – басы мен аяғы жоқ, екі ұшы біріктіріп тігілген шарф. Қазірде ол әлемдік сән үйлерінің көрсетілімдерінде байқалып, сәнқой қыздардың арасында үлкен танымалдыққа ие. Оған қоса бұндай шарф түрі өте ыңғайлы, жылы келеді. Сөзсіз, снуд соңғы кезде нағыз қысқы сәнді аксессуарға айналды.
Сақина пішіндес тігілген шарфты басқа, мойынға, кеудеге орап тағуға болады. Қазірде снудтың тек қысқы түрлері ғана емес, сонымен қатар жұқа жібек, барқыттан тігілген түрлері де бар.
Осы маусымда дизайнерлер онсыз да ерекше аксессуарды өзгертіп, түрлендірді. Қазірде снуд бас киімін, жеңі бар снуд шарфын, тіпті қолғапты снудты кездестіруге болады. Маталары мен түстері бойынша осы маусымда орамалдар мен шарфтарда еш шектеу жоқ. Түрлі-түсті шарфтар қалың тоқымадан да, қарапайым маталардан да тігіліп жатыр.
Снуд сән әлеміне қалай келді?
Әрине гардеробтың кез келген бұйымы сияқты снуд шарфының тарихы жайлы бірнеше пікір бар. Солардың бірі бойынша снуд орамалы алғаш рет орта ғасырларда әйелдер бастарын орау үшін қолданыла бастаған. Кейін, XIX ғасырда снуд Франция елінде үлкен танымалдыққа ие болған екен.
Басқа деректер бойынша снуд заманауи сәнге шаңғы спортынан келген екен. Қалай болғанмен, қазірде снуд сәнқой қыздардың киім сөрелеріне ұзақ уақыт тұрақтап қалғаны белгілі.
Соңғы бірнеше маусымда снуд шарфының түр-түрі Burberry,D&G, Diane von Furstenberg, Lacoste, Marc Jacobs, Michael Kors, Missoni, Oasis, Rebecca Taylor, Ted Baker атты атақты әлемдік сән үйлерінің көрсетілімдерінде байқалып жүр.
Қазірде әр аруда бірнеше шарфтан бар. Алайда солардың қатарында снудпен мақтана алатындар әлі көп емес. Сол себепті көпшіліктің арасынан ерекшеленгіңіз келсе, осындай шарфты қарастырып жүргеніңіз жөн. Айта кетсек, бұндай шарфты тігіп, тоқып алу да аса қиын емес, ал хенд мейдтің екі есе сәнді екені онсыз да белгілі.
Снуд шарфы немен жарасады?
Снуд шарфы – өте әмбебап аксессуар. Ол кез келген қысқы сыртқы киіммен жараса береді. Бастысы, оның түсін бейнеңізге (мысалы қысқы сырт киімнің түсіне) сай таңдаңыз. Сән жағын айтатын болсақ, қазірде ақ, жасыл, сұр снудтар өте сәнді саналады. Кеңселік стильде киінетін қыздар қара не қара-қызыл түстісін таңдасын. Әлемдік сәнде снуд тек қыздардың емес, жігіттердің де аксессуары болып есептеледі.
С. А