Он жыл бұрын екінің бірінің қолы жете бермейтін ұялы телефондар бүгін әрбір адам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналып кетті. Керек адаммен байланысқа шығу, музыка тыңдау, жаңалық оқу, маңызды істі еске түсіретін көмекші – міне, осы сынды қызметтерді мобильді телефондар атқарып жүр. Соңғы кезде кең таралып жүрген қымбат, сапалы смартфондар мен планшеттердің «ғажайып» қызметтері тіптен көп. Олар біздің өмірімізді жеңілдетуге тырысуда, ал біз өз тарапымыздан оларға күтім көрсетіп, қорғау керекпіз.
Алдыңғы жазбамызда қаптардың қаншалықты маңызы бар екендігін айтып өткенбіз, ақпаратты мына жерден оқи аласыздар.
Мобильді құрылғылар көбіне қолдан түспейді, кейде күртешенің, шалбардың қалтасына саламыз, сөмкеге бей-берекет тастаймыз, үстел үстіне қойып кетеміз. Мұндай ұқыпсыздықтардан кейін олардың ұзақ уақытқа жарауына, мінсіз қызметіне үміт артпасақ та болады. Осы тұста, оларды қаптар арқылы қорғау қажеттілігі туып тұр.
Қап деген бір сөз болғанымен, оның түрі көп, мәселен:
Футляр-қап (оның дорба-қап, белдік-қап, мұқаба-қап деген түрлері бар)
Қақпақ-қап
Жиналмалы-қап (оның кітапша-қап, портмоне-қап, флип-қап деген түрлері кездеседі)
Тапанша-қап
Бампер-қап
Төтенше-қап
Спорттық-қап
Тоқыма-қап
Алайда, телефон үшін оның түрі емес, жасалған материалы маңызды болып отыр. Қандайын таңдаған дұрыс? Оны біз ұсынған пайдалы ақпараттар легінен кейін өзіңіз шешетін боласыз.
Силикон қаптардың нарыққа шыққанына аз уақыт болған жоқ. Олар смартфонды соққылардан жақсы қорғайды, сырылулардан сақтайды, құрылғының ептілігін жақсартады және сыртқы түріне әртүрлілік береді. 20-30 $ қаржыға оп-оңай сатып алуға болады, мұнан арзан түрлері де бар. Қытайлық көшірмелерден абай болыңыз, олар түпкі нұсқаға қарағанда жұқа, жартылай түссіз болады және жағымсыз өткір иісі мазаңызды алады. Өте тез тозып, созылып кетеді.
Ескерту: бұл қап жіңішке джинсы шалбар киюді ұнататындарға болмайды. Себебі, силикон сырғанауға кедергі болып, матаға жабысып қалады. Уақыт өте келе силикон майлана бастайды, оны майдан тазарту оңай шаруа емес. Майлана бастағаннан-ақ, шаң немесе басқа да қоқымдар жабысып қалады. Әрине, бұл материалға байланысты. Өте қатты және жіңішке үлгілері де бар, оларда мұндай қиындықтар кездесе бермейді.
Пластик қап әртүрлілігімен тәнті етеді. Алайда, силиконды нұсқалар секілді толық қорғанысты уәде бере алмайды. Бұл қатты аксессуарлар қаптама ретінде жасалған және екі бөліктен тұрады. Оларды кигізіп әуре болмай, екі жағынан қойып байланыстыра аласыз. 0,8 мм қаптар жұқа қабықты да алмастырып, артқы панельді де, шеткі тұстарын да сырып кетуден қорғайды.
Құрама қаптың қорғаныс қабілеті өте жоғары. Олар смартфонның габаритін үлкейтіп, екінші жағынан құрылғыны нағыз «мобильді жолсызға» айналдырып жібере алады. Яғни, сіз оны кез келген жерге қорықпастан алып шыға аласыз. Мұндай аксессуарларда силикон да, пластик те қолданыла береді. Екі материалдың бірігуі соққы кезіндегі қорғаныс қабілетін арттырады. Құрышты бұзатын қапқа салынған смартфонды қабырғаға лақтырсаңыз да айып емес.
Былғары қап смартфонға іскерлік келбет береді әрі қорғаныс қабілеті де төмен емес. Сөйте тұра, пайдалануға ыңғайлы деп айта алмаймыз. Мұндай бұйымдарға әртүрлі пішіндер, үлгілер беріледі. Ең қарапайымы – қақпақты тік немесе көлденең былғары қалталар. Кейіннен смартфонды оңай шығаруға болатын матадан жасалған бауы бар қаптар пайда болды. Басқаларында тілшікті ұстап тұратын магниттер де бар. Жоғарыда айтқанымыздай, былғары қап күнделікті тұрмыс үшін ыңғайсыз себебі, смартфонды шығару үшін екі қолымен жұмыс істеп, күш салу керек.
Өте жеңіл келетін алюминийден жасалған қап бізге көп таныла қойған жоқ. Бұл аксессуардың да екі бөлігі бар, олар төрт шұрып арқылы байланысады. Алюминий қапты табу оңай емес және бағасы да аса қолжетімді емес.
Баға демекші, қарастырылған аксессуарлардың бағалары әртүрлі келеді. Қытайлық пластика қаптарды бар болғаны 2-5 $ ақшаға сатып алғаныңызбен, ұзаққа жарата аламайсыз. Ең жақсы деген силикон қаптарды 3000 теңгеге сатып аласыз. Ал пластик қап 3500 теңгеден басталады.
Таңдау қиындықтары
Қорғаныс қабын таңдау – өте индивидуалды сұрақ, бұл мәселе қаржыдан бастап, қолданушының қажеттілігі арасындағы көптеген факторға тәуелді. Ең алдымен қорғаныс дәрежесін анықтау керек, яғни, бәрі де қожайынның өмір сүру тәртібіне байланысты. Немесе сәніне назар аударғыңыз келетін шығар? Түбінде бренд қаптарға келіп тірелгенімізбен, қытайлық өнімдердің арасында да өте қызықты нұсқалар шығып жатады. Қысқасы, жолыңыздың болуына байланысты. Фирмалық заттарға ғаламтор арқылы тапсырыс бергеніңіз дұрыс, себебі, кейде жеткізілуін қосып есептегеннің өзінде жергілікті дүкендерден арзан шығады.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: itc.ua, shurshim.ru