Имидж деген не?
Имидж – ағылшынның image деген сөзінен шыққан, белгілі бір тұлғаның оның бар болмысын көрсететін бейнесі, яғни жұрттың сіз туралы жинақталған ойы. Бұған орыстың «киіміңе қарап, қарсы алып, ақылыңа қарап, шығарып салады» деген мақалы да, мінез-құлқыңыз да, іс-әрекет, қимылыңыз, дүние-мүлкіңіз де – бәрі-бәрі кіреді. Адам бір-бірі туралы ақпараттың 60–80%-ын бейвербалды қарым-қатынас арқылы алады екен. Сондықтан көлгірсу, алдап-арбаумен жұртқа жағу қиын. Сондықтан жағымды имиджға ұмтылу қай кезде де табысқа әкеледі. Әріптестеріңізбен де жұмыс орнында жайлы атмосфера орната аласыз.
Имиджді қалай қалыптастыру керек?
Имидж бір күнде қалыптаспайды. Ол үшін сегіз қырлы, бір сырлы жан болуға еңбектену керек.
1. Сыртқы имидж. Киім, табиғи макияж, маникюр, аксессуар – сыртқы көрінісіңіз талапқа сай болу керек.
2. Мимикалық имидж. Айнаға қарап, әріптесіңізбен әртүрлі тақырыпта сөйлесуге жаттығып көріңіз. Үнемі қабағыңыз ашық болсын, жауар бұлттай түйілген қабақпен іскерлік образ жасай алмайсыз.
3. Кинетикалық имидж. Жүріс-тұрысыңыз, қимыл-қозғалысыңыз, дене сымбатыңыз қалай? Бүкірейіп, күржиіп жүргенге әуес жастар бірте-бірте дене сымбатын бұзып қана қоймай, сколиоз ауруына шалдығады. Анда-санда иығыңыздан хабар алып қойыңыз.
4. Бейвербалды имидж. Дауыс ырғағы, сөздік қоры, сөйлеу мәнеріңіз қандай? Боқтық сөздерді былай қойғанда, паразит сөздерді оңды-солды қолданатын, бажылдап сөйлесетін адам ешкімге жаға қоймас.
5. Рухани имидж. Адамның өмірлік ұстанымы, көзқарасы, ой-өрісі, дүниетанымының да үлкен маңызы бар. Сондықтан жоғары білім алғаннан кейін де кәсіби жағымен қатар, рухани білімізді де үнемі жетілдіріп отыруымыз қажет. Кітап оқу, театр, көрмелерге бару, т.б.
6. Фондық имидж. Қызметіңіз, талантыңыз бен даңқыңыздың шығуы, яғни аты-жөніңіздің жұртқа әйгілі болуы.
7. Материалдық имидж. Пәтеріңіз, машина, басқа да құнды мүлкіңіздің болуы.
«Арыңды жасыңнан сақта» демекші, осы айтылғандардың барлығы бірдей болмаса да, қолыңыздан келгенше өз имиджіңізді қалыптастыруға қазірден бастап кіріссеңіз, әңгімеміздің басында айтылған қазіргі заманның «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлғасы болып шығатыныңызға сеніміміз мол.
Сонымен, іске сәт!
Сурет: Мassaget.kz
Оқи отырыңыз:
Еш уақытта сәннен шықпайтын мата
Костюмді қалай таңдаймыз?
Қысқы сән: қалың тоқымалар
Адамдар сізді бағалауда қай жерге қарайды?