Іскер еркектің таңдауы - 2

Іскер еркектің таңдауы туралы бұған дейін де айтып өткен болатынбыз. Дегенмен, костюм төңірегінде айтылатын әңгіме әлі де жалғасады.

Ер адамдардың кез келген маңызды кездесуде кербез көрінуі үшін тағы да бірнеше кеңес:

Жейде 100% мақтадан болуы тиіс. Оның жағасы пенжак жағасынан 0,5 см-ден артық шықпау керек. Ал жейде жеңі костюм жеңінен көп дегенде 2-2,5 см-ге шығып тұруы тиіс. Ерлерге арналған костюмде тек бір элемент өрнекті болуы мүмкін (пиджак, жейде не галстук, бірақ екеуі қатар емес). Өз костюміңізге қымбат туфли үйлестіріп киіңіз. Сапалы аяқ киімнен ақша аямаңыз, ол сіздің бейнеңізді аяқтап тұрады. Және, туфли костюмге жақсы жарасып тұруы шарт. Оның табаны жұқа, артық темірсіз, тек бауы не айылбасы болған жөн.      Белбеу – іскер азаматтың басты аксессуарларының бірі. Белбеудің сапалы теріден болуын және түсі шалбар түсімен жақсы үйлесіп, аяқ киіммен жарасуын қадағалаңыз. Кішігірім және металл айылбасы барын таңдаңыз.   Галстук ұзындығы белбеу сызығына дейін жету керек. Егер галстук дұрыс байланса, оның үстінде кішігірім ойық пайда болуы тиіс.  Бір жаққа ілме өңірлі пиджактың соңғы түймесінен басқасы тағылады, екі жағына бірдей қаусырмалысы толық түймеленеді. Пиджактың кеудесіндегі сыртқы қалтасына түсі жарасымды орамал ғана салынады.  Егер костюміңіз ыңғайсыз болса, сіздің қимыл-әрекетіңізге бөгет келтіреді. Костюм дәл сіздің өлшеміңізге сай болу керек. Дұрыс таңдалған костюм – түзу және жақсы пішілген арқа, айқын силуэт, ширақ жүріс, және иесінің сенімділігі.

• Шалбар ұзындығы түзу тұрғанда, шалбар алдынан туфлиге бір қыртыс жасай түседі, артынан – шалбардың балағы аяқ киім тақасына жетіп тұруы керек. Отырғанда шалбар балағы шұлығыңыздан жоғары көтерілмейді, яғни, жалаң сирағыңыз көрінбеу керек. Бұл шалбарыңыздың қысқа екенін білдіреді.

• Пиджак жеңінің ұзындығы – қолыңызды жіберіп, түзу тұрғанда, жеңнің ұшы алақанның ортасына жету керек. Ал шынтағыңызды бүккенде, жең ұшы білегіңізге дейін көтеріледі. Жейде жеңі кең болмағаны дұрыс, ол білегіңізге тығыз жабысып тұру керек.

Іскер стильде киінгенде, костюм сіз туралы барлық ақпаратты жеткізетін құрал болып табылатынын естен шығармаңыз.

Сурет: znaikak.ru