Символға айналған аяқ киімдер

Символға айналған аяқ киімдер
Фото: freepik.com

Бүгінде адамды аяқ киімсіз елестету мүмкін емес. Бірнеше мыңдаған жыл бұрын адам баласы жалаң аяқ әлемді аралағаны жасырын емес. Бірақ табиғаттың құбылуы адам баласының өмір сүру салтын өзгертіп қана қоймай, "сән" деген ұғымның бастамасы болды.

Жауды аяққа таптау

Алғашқы аяқ киімді сандалмен байланыстарды. Біздің заманымызға дейінгі 35-жүзжылдықта мысырлықтар аяқ өлшеміне сәйкес сандалдарды тіге бастаған. Ол үшін аяқ іздерін дымқыл құмға қалдырған. Басында аяқ киімді тек перғауындар мен жоғары тап өкілдері киген. Аяқ киімнің табанын жасау үшін пальма жапырағын не папирусты қолданған. Ал бауын алтын тастармен әрлеген. Кейде табанына қас жауының суретін салғызған. Бұл "аяққа таптау" дегенді білдірген. Дәл осындай дәстүр ежелгі римдіктерде де кездеседі.  

Сандалдар бірден танымал болып, асқан жылдамдықпен әлемнің түкпір-түкпіріне тарады. Оны тек ерлер ғана емес, әйел адамдар да кие бастады. Тек уақыт өте келе сән өзгерісі, діндердің таралауы, жамылып жүруді насихаттау аяқ киімнің бұл түрін біраз уақытқа дейін қолданыстан шығарды.

Жезтырнақ

Франция, Англия, Германияда XIV–XV ғасырда ұшы ұзын аяқ киімдер сәнге айналды. Бұл тенденцияның қалыптасуын тарихта бірнеше мысалмен түсіндіреді.  Бірақ соның ішінде шындыққа жанасатыны саусақпен санарлық.

Алғашқы нұсқа бойынша Анжу графы Готфрид Плантагенеттің аяғындағы башпайына үлкен без өскен. Соны жасыру үшін басы ұзын аяқ киімдер киген. Ал оған жағымпазданған қол астындағылар оның стилін қайталай бастаған. Екінші нұсқа бойынша, бұл сәнді ақ саусақ рыцарьлар өздерінің қара жұмысқа араласпайтынын білдіру үшін киген. 

Кейін Англия королі Эдуард IV аяқ киім басының ұзындығын адамның таптық жағдайына сәйкес белгілеген. Жоғары тап өкілдері 70 см болса, дворяндардікі екі фут (60 см), рыцарлар бір жарым фут (45 см), қала тұрғындары бір фут (30 см) ұзындыққа ие аяқ киім киген. Кедейлердің аяқ киім ұзындығы жарты фут (15 см) қана болған. Бай балалары әдетте мақтану үшін аяқ киім ұшын түрлі тастармен, қоңыраулармен сәндеген. 

Дегенмен, шіркеу қызметкерлері аяқ киімінің ұшы ұзын болғандықтан "жезтырнақ" не "жын тырнағы" деп атап, киюге тыйым салдырған.

Нағыз ер азамат аяқ киімі

XVII–XVIII ғасырда ер азамат үшін биік өкшелі әрі қонышты аяқ киім кию мәртебе саналған. Ботфорт деп аталатын аяқ киімнің туған жері – Испания. Бастапқыда әскери аяқ киім болған. Кейін Францияға жетіп, күнделікті сәндік аяқ киімге айналды. Кейін оны король IV Генрихтің арқасында ақ киімді жоғары тап өкілдері кие бастады. XVIII ғасырда ер адамдар етікке сән беріп, оны әртүрлі етіп безендірген. Ішкі матасын қызыл жібектен, сүйелін күмістен жасады. 

Бой ұзарту үшін

Бұрыннан бойы қысқа ер адамдар ұзын көріну үшін аяқ киімнің маңызын ұққан. Ежелгі грек және рим актерлері бойларын ұзарту үшін котрунды киген. Өздерін "құдайға теңеген" патшалар да бұл идеяны жүзеге асырған.  

Биік өкшелі аяқ киімдер де бастапқыда ер адамдардың сәнді әшекейі саналатын. Еуропаға Парсы елінен келген. Биік өкшелі етіктер салт аттылар үшін ыңғайлы саналатын.

Франция королі Людовик XIV биік өкшелі аяқ киім арқылы бойына 10 см қосқан. Оның аяқ киімдері қызыл түсті болған. Өйткені, қызыл түс – ерліктің, батылдықтың символы. Ұлы француз революциясынан кейін биік өкшелі аяқ киімдер ер адамдар арасында сәннен шығады.  

Сәнге айналған үй аяқ киімдері

Бүгінде ер адамдар арасында танымал лофер – сән әлеміндегі ең үлкен өнертабыс. Өйткені, оны шешіп-кию ыңғайлы. XIX ғасырда Wildsmith Loafer компаниясы британ монархы VI Георгке үйге киетін аяқ киім үлгісін ұсынады. XX ғасырда лоферді бүкіл әлем қолдана бастайды. Әсіресе, Америкада атақты болады.  

Бүгінде аяқ киімдердің сапасы мен сәні ерекшеленіп қана қоймай, әр жыл мезгіліне арналған сан алуан түрі кездеседі. Тек бір уақыттары ер адам киген биік өкшелі аяқ киімдер әйел адам болмысына сән беретін дүниеге айналды. 

Т. Есқали